«Жағымсыз иісі бар, желдеткіші істемейді»: Ресейдің ескі вагондары 750 млн теңгеге сатып алына ма

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Түркістанға сапар шеккен ішкі турист Қазақстандағы пойыздардың жағдайын таспаға түсіріп алған

Әлеуметтік желіде Гүлмира Сәулебекова есімді азаматшаның Қазақстандағы пойыздардың жағдайы туралы жазған посты резонанс тудырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Оның жазған постына пікір қосқан азаматтар жаз бастала сала, ескі вагондар көбейетінін, тіпті ұшақ билетінің құнына тең ақшаға билет алса да ыстық, желдеткіші істемейтін, жағымсыз иісі бар вагондарға мінеміз деп шағымдарын айта бастады.

400-ге тарта пікірдің арасында тіпті купеге билет алса да плацкарт вагондардан жаман орындарға тап болғандар, діттеген жеріне жеткенше ауа жетпей, ескі вагонның жағымсыз иісіне «уланып» барғандап табылып жатты.

Ал ең қызығы Гүлмира Сәулебекова Ресейде жарамсыз болып, есептен шығып қалған вагондарды Қазақстан сатып алды дегенді алға тартып отыр.

«Билетті әдейі ерте алдым. Тоғызыншы вагонның түсі бұрынғы пойыздардың түсіндей жасыл, ескі, купесінің ішінде кішкене терезесі бар. Қазір купе вагондарда кондиционерлер бар еді ғой!? Жолсеріктен «желдеткіш істей ме?» деп сұраған едім, ол маған «жоқ, бұл Ресейдің ескі вагоны, сіз мініп бара жатқан пойызға осындай үш вагон жалғады. Түлкібас станциясынан кейін вагонның іші ысып, демала алмай қаласыздар, ерте ескертіп қояйын» деді. Сонда, Қазақстан Темір Жолы» Ресейде жарамсыз болып қалған вагондарды сатып алғаны ма?» - деп жазады ол.

ҚТЖ-НЫҢ БҰҒАН АЙТАР УӘЖІ ҚАНДАЙ?

«Қазақстан Темір Жолы» компаниясы болса, нақты осы жолаушы отырған № 272 пойыз «Сары-Арқа Компании» атты ЖШС-ға тиесілі екенін айтады. Ал ҚТЖ-ның өзі соңғы 10 жылда 2000-нан аса жаңа вагон сатып алған. 2029 жылға дейін вагондар паркі тағы 500 су жаңа вагонмен толығады деген ақпарат бар.

«САРЫ-АРҚА» САРАҢ КОМПАНИЯ МА?

Ақылы дереккөздерден анықтағанымыздай, «Сары-Арқа» компаниясы мемлекеттік тендерге қатыспаған. Бірақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алулар платформасында бар компания және ішінара осы сайт арқылы сатып алу ісін ұйымдастырып отырады. Дегенмен дәл вагон сатып алуға қатысты тендер табылмады.

Бірақ қызмет еткен бастапқы жылдары мүлде табыссыз отырған компания 2015 жылдап бастап миллиардтап кіріс көреді. Оған компанияның салық төлемдері туралы есебі дәлел. Компания Нұр-Cұлтан қаласында тіркелген, оны Марат Бекішов басқарады. Былтыр 149 млн теңгеден астам салық төлеген компания биыл жыл басынан бері 72 млн теңгенің салығын қазынаға жөнелтіп үлгерген. Бұл кірістің бір бөлігі әрине ескі вагондарда «тұншығып» сапар шегетін жолаушылардың билетақысы екені анық.

«ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫНЫҢ» БІР ВАГОНЫНЫҢ ҚҰНЫ – 250 МЛН ТЕҢГЕ

«Самұрық-Қазынаның» сайтынан «Сары-Арқа компании» ЖШС-ны таппасақ та негізгі тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның вагон сатып алуға қатысты тендерін көрдік. Компания бірнеше күн бұрын тендер жариялап, жалпы сомасы 750 млн теңгеге үш вагон сатып алуды көздеп отыр. Сонда бір вагонның бағасы 250 млн теңгеге тең.

Бір қызығы, «Сары-Арқа компании» сияқты, 2015 жылға дейін бюджетке бір тиын да салық төлемеген «Жолаушылар тасымалы» 2015 жылы 1 млрд теңге, кейінгі жылдары 150-300 млн теңге аралағында салық төлеген. Биыл жыл басынан бері компанияның қазынаға төлеген салығы 165 млн теңге болып отыр. Қазір компанияны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының экс-орынбасары Жәнібек Тайжанов басқарып отыр.