Биыл зейнетақы төлеуге 3 трлн 64 млрд теңге қарастырылған
Биыл жыл соңында әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі Әлеуметтік кодекс аясында талқыланады. Осыған орай, Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолдаған болатын.
«Қазақстанда әйелдердің заңды түрде белгіленген зейнетке шығу жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижелері мен ұзақ мерзімді болжамдарға негізделген, халықаралық практикаға және әлемде қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Бекітілген жас мөлшері базалық және ынтымақты зейнетақыны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемді ескере отырып, лайықты зейнетақы төлемін қалыптастыру қажеттілігіне негізделген. Бұл ретте ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқаруда, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін әзірленген еңбек өтілі ескеріледі.
Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақының рөлі артады, зейнетақы жарнасын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, соғұрлым жоғары болады. Осылайша, ынтымақты өтілі жоқ және бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50 жастан жоғары ерте зейнетке шығу лайықты төлемді қамтамасыз етпейді», - деп түсіндіреді министрлік.
Бұған дейін белгілі болғандай, зейнетақы жинақтарының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету үшін 2014 жылы бекітілген ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2018-2027 жылдар аралығындағы кезеңде әйелдер үшін зейнет жасын жыл сайын 6 айға біртіндеп арттыру көзделген.
Министрлік дерегінше, 2020 жылы зейнетақы төлеуге бюджеттен 2 493,8 млрд теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш былтыр 2 669,7 млрд теңге болған екен.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақының мөлшері базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін есепке алғанда 65 752 теңгені, ең жоғары зейнетақының мөлшері ең жоғары базалық зейнетақыны есепке алғанда 141 692 теңгені құрады.
«Сонымен қатар осы жылдың 1 сәуірінен бастап ҚР Ұлттық Банкінің 2022 жылға инфляция дәлізін 4-6%-дан 8˗10%-ға дейін қайта қарауын ескере отырып, ынтымақты зейнетақы мөлшері қосымша 4%-ға, ал базалық зейнетақы мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты ұлғайтылды. Осыған байланысты 2022 жылғы 1 сәуірден бастап базалық зейнетақыны есепке алғанда зейнетақының ең төменгі мөлшері 68 223 теңгені, базалық зейнетақыны есепке алғанда зейнетақының ең жоғары мөлшері 147 099 теңгені құрады», - дейді министрлік.
Белгілі болғандай, биыл зейнетақы төлеуге 3 трлн 64 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде: республикалық бюджеттен 2 трлн 960 млрд теңге, бұл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің барлық шығыстарының 67%-ын құрайды. Олар ынтымақты (еңбек) және базалық зейнетақыны төлеуге бағытталатын болады.
«Жасына байланысты жинақтаушы зейнетақы төлеу үшін БЖЗҚ-дан 104 млрд теңге қарастырылды. Жинақтаушы зейнетақыны есепке алғандағы зейнетақының орташа жиынтық мөлшері (ынтымақты + базалық + жинақтаушы): осы жылдың 1 сәуіріне дейін – 133 344 теңге, осы жылдың 1 сәуірінен бастап – 138 764 теңге. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың орташа зейнетақы мөлшері шамамен 30 мың теңгеге жоғары. Бүгінгі күні бұл мөлшерлер Халықаралық еңбек ұйымының жоғалтылған табысты кемінде 40% мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерімен алмастыру жөніндегі ұсынымдарына сәйкес келеді», - дейді министрлік.