«Құлағына ине тығып, темекінің шоғын басқан»: Ақтаудағы «Теңіз жаяу» әскерінде үшінші сарбаз есінен адасып кетті

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Сәуір айында бейнеулік жас сарбаз әскери борышын өтеп жүріп көз жұмды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Фотоколлажда: есінен адасып кетті деген сарбаздар: Талғат Айтмұханов пен Ринат Жеткергенов

Биыл 22 сәуірде Маңғыстау облысында орналасқан әскери госпитальде әскер қатарына шақырылған Әлібек Қалбай қайтыс болды. Ол отан алдындағы борышын Жамбыл облысында өтеп жүрген. Сондай-ақ Ақтаудағы «25 744» әскери бөлімінде жүрген екі сарбаз араға алты ай салып есінен адасып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Әскери бөлімдердегі жас сарбаздардың өлімі және есінен адасу фактісі бойынша зерттеу жүргізіп жүрген маңғыстаулық блогер Бибігүл Рамазанның айтуынша, «25 744» әскери бөлімінде осымен үшінші сарбаз есін жоғалтып отыр.

«Әлібектің өлімінен кейін, менің жекеме түрлі адамдар шығып, балаларының қазасы туралы айта бастады. 2021 жылдың 18 мамыры күні Instagram парақшама «Бибігүл сіздің нөміріңіз керек, тағы да бір әскери бөлімде былық шығып жатыр» деп бір оқырманым хабарласады. Содан жеке телефонымды беріп едім, бір ер кісі хабарласты. «Кеше ғана ұлымызды әскерге алып кетіп, отан алдындағы борышын өтейді деп қуанған едік. Бүгін түскі ас кезінде хабарласып «балаң есінен адасып кетті» деп хабарлады. Заңнан онша хабарымыз жоқ, көмек беріңізші» деп шықты. Содан сол күні Маңғыстау облыстық ауруханасына барсам, есінен адасты деген баланың әкесі, әкесінің ағасы тұр. Олардың алдында «25 744» бөлімінің медбикелері «сіздің балаңыздың денесінде көгерген із жоқ, ешкім оны ұрып-соқпаған» деп ауыздарынан ақ көбіктері шашырап түсіндіріп жатыр екен», - дейді Бибігүл Рамазан.

Ол сөзін жалғай отырып, сол арада өзімнің блогер екенін айтқанда әлгі медбикелер бірден кетіп қалыпты. Бұл әскери бөлімде осыменен үшінші жігіт есінен адасып отыр. Осыдан 7 жыл бұрын тағы бір жігіт жынды болып кеткен екен. Ол жігіттің туыстары Талғаттың ағасына шығып, бастарынан өткен оқиғаны айтқан.

«Түсінесіздер ме, үшінші сарбаз. Дәл осы бөлімге келгендердің өздігінен есінен адасуы тылсым жағдай немесе жәй ғана сәйкестік емес қой. Қашанға дейін қарапайым адамдардың балалары жынды болып, өліп, оған тағы бір жазықсыз отбасының мәпелеп отырған ұлдары жауапты бола бермек?! Әскери бөлімде болған мұндай фактілерге жанында жүрген, жаңадан келген сарбаздар кінәлі болып шыға келеді. Ертең тиісті адамдар бұл істі де жылы жауып құтылмақшы. Мұндай сұмдыққа  журналистер, блогерлер, қоғам болып нүкте қоюымыз керек. Ертең сіздің ұлыңыз немесе туысыңыз сарбаздарды қинап жүрген сержанттар мен контрактниктердің қолдарына түспейтініне кім кепіл?!» - деді белсенді.

«МҰРНЫНЫҢ ІШІНЕ, ЖЕЛКЕСІНЕ ИНЕ СҰҚҚАН»

Әскерге келгеніне бір апта толмай жатып, есінен адасқан 19 жастағы Талғат Айтмұханов Ақтаудан 400 шақырым жердегі Бейнеу ауданының тумасы. Сарбаздың әкесі ұлын әскерге алып кеткенін де білмей қалдым деп отыр. Оралда оқитын 1-курс студенті оқуын да әлі аяқтамаған көрінеді.

«Тым жақсы еді. Бізге кеше сағат 11-де хабарласып, «Балаң есін білмейді, тегін білмейді» деді телефонмен. 11 мамыр күні үйден сағат 15:00-де алып кеткен. Әскери комиссариат келіп, екеуі екі жағынан өздері медтексеруден өткізіп, сол күні кешке алдап, алып кетіп отыр. «Үш күннен кейін Бейнеуге келесің» деген. Бірақ енді баланы танымай отырмын», - деді Т.Айтмұхановтың әкесі Мақсат Сәрсенбаев.

Ақыл-есінен адасқан сарбазды әскерилер ата-анасы келгенше дәрігердің қолына тапсырған. Бірақ ақ халаттылар «бәрі жақсы» деп шығарып берген.

«Ұлым қазір Ақтаудағы психодиспансерлердің бірінде ем қабылдап жатыр. Психологтар «балада күйзеліс, өте қатты шок алған» дейді. Кеше астанадан келіп тексеріп кетті. Әскерилер туралы әңгіме бастасаң тұйықталып кетеді. Ауыл туралы, қызы туралы сұраса, бәрін айтады. Ойланып отырып «мұрнымның ішіне, желкеме ине тықты» дейді де, қайтадан үнсіз отырып қалады. Жаһангер, Ринат деген балалардың атын айтады, түрлерін көрсем танимын дейді. Бар мақсатым қазір ұлымды емдетіп алу.

Әскери бөлімнен ешкім хабарласып, кешірім сұраған жоқ. Бар уайымымыз – осы баланың бетін бері қарату. Ұлым ешқашан мұндай дел-сал күйге түсіп көрмеген. Қазір есі кіресілі-шығасылы. Менің ұлыма дейін де бұл бөлімнен екі сарбаз жынды болып кеткен екен. Кінәлілер тиісті жазаларын алуы керек. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын қаншалықты әділ өткізетінін білмедім... Отанын қорғайды деп кеткен ұлымыз бейбіт күнде осындай жағдайға түсіп отыр. Дәл қазір кінәлілерді іздейтіндей жағдайда емеспін, бар ойым – ұлымның жағдайын бері қарату», - деді редакция тілшісімен сөйлескен Талғаттың әкесі.

Талғат Айтмұхановтың әскерге сап-сау болып келгенін әскери бөлімдегілер де растап отыр. Алайда төрт күннен кейін сандырақтап есінен адасқаны бәріне жұмбақ. Оның ары қарай Отан алдындағы борышын өтеу, не өтемеуі мамандардың қорытындысына байланысты болмақ.

РИНАТТЫҢ АНАСЫ БАЛАСЫН ҰРҒАНДАРДЫҢ АТЫ-ЖӨНДЕРІН АЙТЫП БЕРДІ

Ринат Жеткергенов 2021 жылдың қазан айында дәл осы «25 744» әскери бөлімінен отан алдындағы борышын өтеп, үйіне қайтуына бес күн қалғанда есінен адасқан. Қызылорда облысының 19 жастағы тұрғыны Ринат Жеткергеновтің анасына хабарласып, ұлының жағдайын білдік. Ринаттың анасы Айғаным Ізбасарованың айтуынша, тұңғышы қазір көршілес Өзбекстанда емделіп жатыр.

«Баламның үйге келгеніне 9 ай болып қалды. Алты-жеті ай қатты қиналдық, ұлым бізді танымай, үйдің ішін қиратып, әкесіне де бағынбады. Содан қорыққанымыздан екі айдан аса жындыханаға жатқыздық. Ол орталықтан шыққанда бір қолы тартылып кетті. Алматының психдиспансеріндегі мамандар «бала туабітті есінің кемістігі бар емес, ол тек психологиялық шоктың әсерінен болған нәрсе» деп ұрысты. Оқиға батыста болғандықтан Атырау облысының дәрігері тексеруге жіберген. Сөйтсек ол «әке-шешесі баланы жатқызбады» деп айтыпты. Әлі де ем алуды тоқтатқан емеспіз, қазір Ринат әкесімен Өзбекстанның астанасы Ташкентке емінің екінші курсын алуға кетті.

Ұлымның үйге қандай жағдайда келгенін ауылдағылар көрді ғой. Үйге қайтуына төрт күн қалғанда ұлым ауырып, система алады. Тамағы ауырғаннан кейін температурасы көтеріліп, қалшылдаған. Содан жаңағы сержанттар сен «әдейі істеп тұрсың» деп баламды таңға дейін орындықпен ұрған. Әлімжан Майбеков деген сержант тамағы мен құлағының қатты жерлеріне темекінің шоғын басып, ине тыққан. Иненің іздері қарайып кеткен. Ринат қазір есін жинап, өзін ұрғандардың аты-жөндерін айтып берді. Олар: Әлімжан Майбеков, Садор Юлдашев, Айбек Қабидин, төртіншісінің  аты-жөні есіме түспей тұр...», - деді сарбаздың анасы.

Айғаным Жеткергенова ұлын емдету үшін несие алған. Ал әскери бөлім мен мемлекет тарапынан Ринаттың отбасына ешкім хабарласып, жағдай сұрамапты.

«Осы оқиғадан кейін отбасымызда бәріміз моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да қиналып келеміз. Өзім де, отағасы да жиі ауырдық, тіпті, ауруханаға да жатып шықтық. Ұлымды емдету үшін Kaspi банктен несие алдым. Өзім мұғаліммін, жолдасым жұмыссыз. Ринат тұңғышым, екінші балам биыл 11-сыныпты бітіріп жатыр, үшінші ұлым 6-шы сыныпта оқиды. Ұлымның жағдайын журналистер айтып-айтып қойды. Ал әскери бөлім, Қорғаныс министрлігі тарапынан осы уақытқа дейін ешкім хабарласпады да, кешірім де сұраған емес.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан сараптама нәтижелеріне еш сенбеймін. Қызылорда да, Алматыда да өтірік шығарып берді, енді астанаға 2 маусым күні келіңіздер деп отыр. Астанаға баратын менің жағдайым жоқ, табыс тауып отырған өзім ғана. Алматыға бара жатқан кезде ғана Батыс өңірі әскери бөлімдерінің атынан деп 700 мың теңге ақша беріп жіберген. Ол қаржы баламның денсаулығының бір парасын да өтемейді. Мен біздің елде әділетті соттың, әділ заңның барына сенбеймін», - деп ауыр күрсінді Айғаным Ізбасарова.

ТОҚАЕВТЫҢ БҰЙРЫҒЫНА ДЕЙІН ӘЛІБЕКТІҢ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ БІРНЕШЕ НҰСҚА АЙТЫЛҒАН

22 сәуірде Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп, көз жұмған маңғыстаулық жас сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті деп танылған атыраулық әскери қызметші Айболат Аманжоловтың анасы Айнұр Төлемісова ұлының жазықсыз сотталып кетуі мүмкін екенін айтып, қазақстандықтардан көмек сұрайды.

Фотода: Сол жақта күдікті ретінде қамауда отырған Айболат Аманжолов;     Оң жақта Жамбылда қайтыс болған Әлібек Қалбай    

«Балам Қордайдағы уақытша қамау илозяторында отыр. Соңғы рет 20 мамыр кездесуге барғанымда баламның күйзелісте, психологиялық қысыммен жүргенін байқадым. «Мама, мен өзім істемеген қылмыс үшін жауап берейін деп тұрмын ғой, ешқандай да кінәм жоқ» деді. Сондағы қызметкерлер «балаңызда стресс, қан қысымы көтеріліп кеткен, тыныштандыратын дәрі беріп жатырмыз» деді. Кетерімде ұлымды қимай әрең кеттім (көзіне жас алды). Қалай уайымдамаймын?! Әлібек өмірден өткеннен кейін «жүрек талмасынан өлген» деді, одан кейін «тамақтан уланған» деп жауып тастамақшы болды.

Президент Тоқаевтың бұйрығынан кейін бір ғана куәгер Куричкин деген сарбаздың куәгерлігімен, ұлымды «кісі өлтіруші» етіп отыр. Ол орыс баланың өзінің түрінен түр жоқ, тұтығып әрең сөйлейді. «Екі секундта жеті рет ұрды» деп айтқан. Әлібектің өлімін тергеп жатқан тергеуші Мақсат Аукен біздің адвокаттың дәлелдемелерін қабылдамай отыр. Себебін еш түсіндіріп айтпайды. Тәуелсіз сараптама қорытындыларын, адвокаттың сұрақтарын қабылдамай отыр. Тәуелсіз экспертиза «баланы тәжірибелі адамдар ұрған. Ағза мүшелерінде қан ұйып қалған» дегенді көрсетті. Ұлым «мама, бәрі жақсы болады. Уайымдама» деп хат жазып жіберіпті. Журналистер мен қоғам белсенділерінен, білікті адвокаттардан істің әділ тергелуіне көмек беруді сұраймын», - деді телефонда көз-жасын тыя алмаған Айнұр Төлемісова.

Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселеге қатысты Маңғыстау облысы әскери прокуратурасына, ҚР Ішкі істер министрлігіне, тергеушілерге хабарласып көрді. Құзырлы органдардың бәрі жауаптың бәрін еліміздің Бас әскери прокуратурасына сілтеп отыр. ҚР Бас әскери прокуроры Дастан Сартаевқа аталған істерге қатысты ақпараттық сауал жолданды. Жауаптар қосымша жарияланады.  Редакция аталған мәселелерді жіті назарда ұстап отыратын болады.