Шымкент тұрғындарының 70% медиацияның не екенін білмейді – сот өкілі

Автор: Azattyq Rýhy

Былтыр қалада небәрі 234 іс медиация арқылы шешімін тапқан

2019 жылы Шымкенттің мамандандырылған әкімшілік соты тәртіп бұзған тұрғындарға 387 млн 828 мың теңге айыппұл салған. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбі мәлімдеді.

Оның айтуынша, қала тұрғындары медиацияға көп жүгіне бермейтін көрінеді. Яғни, істі бейбіт жолмен шешу жағдайлары аз. Былтыр тек 234 іс осы жүйемен оң шешімін тауыпты. Көрсеткіштің бұлай аз болуына халықтың медиациядан бейхабар болуы себеп дейді Қ.Дүйсенбі. Мәселен, ҚР Жоғарғы соты жүргізген сауалнаманың қорытындысы бойынша, Шымкент халқының 70 пайызы медиацияның не екенін білмейтінін айтқан.

«Медиацияны тек сот өкілдері ғана емес, атқарушы билік те насихаттауы тиіс. Өйткені, елдің бірлігі, тыныштығы тек судьялар мен сот қызметкерлеріне емес, атқарушы билікке де қажет. Дау-жанжал кімге керек? Сот тарапынан медиацияны насихаттау аз жүріп жатқан жоқ. Былтыр қалалық соттың сайтында 82 ақпарат, Жоғарғы соттың сайтында 5 ақпарат жарияланды.

Судьялар 58 мақала жазған. 18 сұхбат жарық көрді. Басқалар неге осы жұмыспен айналыспайды? Мысалы, учаскелік полицейлер бар, олар медиация жұмысын жүргізбейді. Әділет министрлігіне қарасты құқықтық департамент бар. Әр өңірде осы медиациямен айналысатын 3-4 адамы бар, олар не істеп отыр? Олардан бөлек, Қазақстан халқы ассамблеясы деген ұйым бар.

Оның Шымкенттегі филиалында баспасөз қызметінде 2 адам отыр. Олар да медиацияны насихаттауы керек. Медиация деген істі соқа жеткізбей бейбіт жолмен шешу, яғни бітімге келу», - дейді Қабыл Дүйсенбі.

Қалада жыл сайын шамамен 4 мыңға жуық жол көлік оқиғасы тіркеледі екен. Солардың тек төрттен бірі ғана сотқа жүгінеді.

Шымкентте былтырдан бері түнгі сот жүйесі де енгізілген. Қаланың мамандандырылған әкімшілік соты түнде 1 215 істі қарағандарын айтып отыр.

«Түнгі сот жобасы елімізде пилоттық режимде 2018 жылдың 4 маусымынан басталған. Жол көлік оқиғасынан кейін жүргізушілер бір-бірімен келісіп, іс түнгі сотта қаралса, олардың мәселесі сол түні-ақ шешімін табады. Яғни бұрынғыдай бірнеше күнге, тіпті айға созылмайды. Бұл сақтандыру компаниялар тарапынан тиісті шығынын өндіруді ұзақ созбаламға салмау үшін шығарылған.

Пилоттық жоба 2019 жылы 27 мен 30 желтоқсан аралығында әкімшілік кодекске түзетулер енгізіліп, сонда заңдастырылды. Мәселен, бұрындары жолда көлік қақтығысы болса, сол жерге автоинспекция мамандары келіп тиісті құжаттарды рәсімдейтін еді. Сотқа жібереміз деп, 2 ай ұстайды. Ол іс сотта 15 күн қаралатын еді. Сосын сот шешімі заңды күшіне ену үшін 10 күн уақыт берілетін.

Қазір осы заңға да өзгеріс еніп, енді көлік қақтығысы болғанда екі тарап келісіп, кінәлі өз кінәсін мойындап, жәбірленуші қарсы болмаса, істі сол күні қарау жайлы арыз жазады. Сот сол күні шешім шығарса, сол күні-ақ заңды күшіне енеді. Ертесіне сақтандыру компаниясына қаулымен барып, тиісті сақтандыру төлемдерін ала алады. Менің ойымша бұл халыққа өте ыңғайлы.

Түнгі сот жайында да біз БАҚ беттерінде жазып жатырмыз, бейнероликтер шығардық, әлеуметтік желі арқылы насихаттап жатырмыз. Бірақ әлі де болса тұрғындар тарапынан қызығушылық жоқ», - дейді Қабыл Дүйсенбі.

Биыл әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістерден кейін көлікті мас күйде жүргізгендерге жаза екі есеге күйшеді. Сондай-ақ, көлігін мас адамға басқаруға бергендер де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда, медиацияға жүгіну арқылы келісімге келсе, жазаланбауы мүмкін.

«Бұрын автокөлікті мас күйде жүргізер болса, 3 жылға жүргізушілік құқығынан айрылатын еді. Енді 15 қаңтардан бастап спирттік ішімдік ішіп көлік жүргізген адам 15 күн қамауға алынады және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айрылады. Егер, сол 7 жылдың ішінде тағы мас болып машина айдар болса, қылмыстық іс қозғалады.

Сол 7 жылы өтіп, құжатына қол жеткізіп қайта мас болып машина айдаса,  20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады да, 8 жылға куәлігінен айрылады. Сондай-ақ, көлігін мас адамға немесе есірткі қолданған адамға басқаруға берсе, оның өзі да жауапкершілікке тартылады. Полиция қызметкерінің есірткі затын қолданып немесе спирттік ішімдік ішкенін тексеруден өтуге қойған талабын орындамса, 15 тәулікке қамауға алынып, 8 жылға жүргізуші куәлігінен айрылады.

Осы толықтыруға дейінгі әкімшілік кодексте 64-бапта медиация тәртібі жоқ еді. Толықтырудан кейін қазір медиатормен бітімгершілікке келуге болады. Сондай-ақ, 73-бап отбасылық қарым-қатынастардағы істер бойынша, 73.1-бап дене жарақатын жеңіл дәрежеде қасақана келтіру фактісі бойынша екі тарап медиатор арқылы бітімгершілікке келе алады», - дейді Шымкент қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Айнұр Оспанова.

Мұнан өзге, әкімшілік кодекстің 744 (құқық бұзушының құқықтары), 745 (жәбірленушінің құқықтары) баптарына да өзгерістер енген. Ол бойынша егер тұлға істі кешіктірмей қарап, қаулы шыққан күннен бастап заңды күшіне енгізіп беруді сұрар болса, сот аталған өтініш хатты қанағаттандыруға міндетті.

Арай Есенбек, Шымкент