Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңнамаға жоспарланған өзгерістерді жариялады
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының концепциясы шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық актілерге және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға жоспарланған өзгерістерді жария етті:
1. Адамдарды қосудың және одан шығарудың нақты тетіктерін айқындай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесіне сыбайлас жемқорлық жасаушылардың жария тізімін енгізу;
2. Мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтауды және реттеуді регламенттеу;
3. Пара беру туралы уәде/ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру;
5. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту;
6. Сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін ескіру мерзімін ұлғайту;
7. ӘҚБтК-нің кейбір баптарын әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жатқызу;
8. Халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылу мақсатында ӘҚБтК-ге түзетулер енгізу жоспарланған.
Осы және басқа да бірқатар мәселермен 13 мамырда танысуға болады. Көрсетілген консультативтік құжаттар жария талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында, сондай-ақ Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырылатын болады. Сілтемелер Telegram каналында қосымша берілетін болады.
Консультативтік құжаттарды талқылау мерзімі он бес жұмыс күнін құрайды және осы жылдың 2 маусымына дейін жалғасады.
Агенттік азаматтарға консультативтік құжаттарды көпшілік алдында талқылауға белсенді қатысуды сұрайды.