Ұл баланың тәрбиесінде әкенің орны ерекше – психолог

Автор: Әсел Оршыбекова

Жігіттердің психологиясын қатайту үшін моториканы дамыту қажет деп есептейді маман

Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 9 млн 286 мың 778 ер адам бар. Олардың ең көбі, яғни 1 млн 53 949-ы Түркістан облысында, ал ең азы – 257 149-ы СҚО-да тұрады екен. Қазақстандық ер азаматтардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 66,4 жасты құрайды.

Бүгінде ер азаматтардың қоғам мен отбасындағы рөлі қандай екендігі туралы Azattyq Ruhy тілшісіне белгілі психолог Лимана Қойшиева айтып берді.

«Ер азаматтардың рөлі отбасынан қалыптасады. Кез келген бала өзінің әкесіне қарап бой түзейді. Болашаққа деген сенімділігін де ол өзінің отбасынан алады. Сондықтан отбасының тізгіні ер азаматтың қолында болуы тиіс. Үй салу, ағаш отырғызу – ең бірінші ер адамның міндеті. Ал, әйел адам сол үйдің шырағын жағушы. Қазіргі уақытта гендерлік саясатты қалыптастыру кең етек жайып жатыр. Бірақ бұны көпшілік дұрыс түсіне бермейді. Ер адаммен қатар тайталасу деп түсінеді. Мұндағы теңдік мәселесін дұрыс түсіндіру керек. Мәселен Тәжікстан, Түркіменстан елдерінде әйел адамның құқықтары шектеулі. Ал біздің елде осы құқық жағынан әйел адамдар ерлермен теңестірілген, ешбір әйел мемлекет тарапынан кемсіту немесе құқығын шектеу секілді әрекеттерді көріп жатқан жоқ», - дейді психолог.

Десе де, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өршіп тұр. Әйеліне қол көтеру кей отбасында қалыпты дағдыға айналған. Полицияға күйеуінің үстінен арызданып келетін әйелдердің де қатары азаяр емес. Ал, аналар үйі мен дағдарыс орталықтарына келушілер кейде сыймай қалатын жағдайлар да болады екен.

«Біз аналар үйіне немесе дағдарыс орталықтарына барған кезімізде ер азаматынан зардап шеккен келіншектерді көп көреміз. Бұл ер азаматтардың жауапсыздығы. Мұндай еркектер қандай отбасынан шықты, оны кім тәрбиеледі? Осыған назар аудару қажет.

Бізде кей отбасыда ұл баланы көтермелеп, қыз баланы төмен қоятын жағдайлар кездесіп жатады. Бар тәттіні ұлға беріп, бар жақсы киіммен соны киіндіріп, ауыр жұмысқа салмай тәрбиелейтін ата-аналар бар. Міне осындай отбасыдан шыққан ұл бала өскенде дайын нәрсені қалап тұрады. Кей кезде әйеліне масыл болып алады. Бұл ретте әкенің тәрибиесі үлкен рөл атқарады. Ол баласын әрбір сөзіне жауапты болуға тәрбиелеуі тиіс. Бұл жерде мен бәріне топырақ шашпаймын. Отбасын бағалайтын, жауапкершілікті сезінетін ер азаматтарымыз да бар», - дейді сарапшы.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта әйелінен қысым көріп, полицияға шағым айтатын еркектер туралы да құлақ ести бастады. Психологтың айтуынша, отбасылық тирания жыныс таңдамайтын көрінеді. Үйдегі тізгінді өз қолына алғысы келген әйелдер кейде еріне күш көрсетуге дейін барады екен.

«Қазіргі уақытта зорлық-зомбылыққа ұшырайтын ер азаматтар да бар. Ажырасқысы келмейтін еркектер де кездесіп жатады. Олар отбасын сақтап қалуды көздейді. Балаларына өзге еркектің әке болып кетуін қаламайды. Сондықтан төзеді. Мұндай оқиғалар қоғамда көп айтыла бермейді, ер адамдардың көбі намыстанады айтуға.

Мен қалалық полициямен бірлесіп, шақыруларға шыққан кезде түрлі жағдайлардың куәсі боламын. Сондай шақырулардың бірінде мен ер азаматтың әйелінен зорлық көріп, полициядан көмек сұрағанын көрдім. Әйелдің қолында оқтауы бар, ол өз күйеуіне бағынғысы келмейді. Күйеуі отбасын сақтап қалғысы келгенімен, әйелі онымен бірге тұрғысы келмейтінін айтты. Екеуі де жұмыс істейтін адамдар. Бірақ араларында түсініспеушілік болған. Әйелі күйеуін оқтаумен ұрады екен. Ол жағдайда ер кісі қол көтермеген, егер ол ашуына мінетін болса, оның әйелін ұрып-соғуына шамасы жетеді. Десе де, ол отбасының шырқын бұзғысы келмегендіктен, осылайша психолог шақырған екен. Міне, қазір осындай жағдайлар болып жатады», - дейді маман.

Бүгінде шырқы бұзылған отбасының атұстарын анасы ғана тәрбиелеуге мәжбүр. Алайда, психолог маман ұл баланы ер адам тәрбиелеу керектігін айтады.

«Ұл баланы жалғыз анасының тәрбиелеуі өте қиын. Өйткені олар есейе келе әйелге бағынбайды.  Сондықтан да ұлды 10 жастан кейін әкесі тәрбиелеуі керек. Үйде ер адамның бар екенін білетін бала аяғын сәл болса да жинап жүреді. Күйеуімен ажырасқан әйелдердің балаларының көбінде проблемалары бар. Олар жиі полицияға ұсталып қалады. Сондықтан ұл бала есейген кезде оны әкесінің тәрбиесіне беру керек. Әкесі болмаса, ағасына немесе атасына беру керек. Тіпті болмаған жағдайда спорттағы жаттықтырушысының тәрбиесіне табыстау керек», - дейді ол.

Психологтан әскердегі суицид пен әлемжеттік мәселесін де сұрадық. Өйткені, Қазақстан қарулы күштерінде қазір бұл проблема аса өзекті болып тұр. Маман бұл мәселені әлсіз психолгиямен байланыстырды.

«Біздің әскерде «дедовщина» деген әлі бар. Бұрындары сарбаздар әлімжеттік көрсе де суицидке бармайтын. Өйткені ол кезде адамдардың психологиясы, балалардың тәрбиесі басқа болды. Ал, қазіргі жастарға интернет айтарлықтай әсер етті, олар психологиялық тұрғыдан жұмсақ, физикалық тұрғыдан да әлсіздеу.

Психиканы қатайту үшін біз моториканы (қол өнерін) дамытуымыз керек. Кез келген ер азамат шеге қаға алатындай болуы керек. Бұл психиканы қатайды. Физикалық тұрғыда біз спортты дамытуымыз қажет. Яғни қара жұмысты істемесе де, фитнеспен және спортпен айналысуды дағдыға айналдыру керек. Мектептен бастап осы нәрсені қолға алсақ, біз суицидтің санын азайтуға ықпал етеміз. Сөзбен айтылатын, видеомен көрсетілетін түрлі алдын-алу шаралары бар. Ол да керек. Бірақ тәніміз қатаймайынша, ол іске аспайды. Еуропада да жастардың өзіне қол салуы, жұмыссыздық, масылдық сынды проблемалар болды. Бірақ олар осы проблеманы шешу үшін жаппай спортты дамытуға кірісті. Тұрғынүйердің астынан түрлі спорт залдарын және алаңдарды ашып, жастарды сол жаққа тартты. Олар осылайша жігіттердің психологиясын қатайта бастады», - дейді сарапшы.

Бүгінде билік басында ер азаматтардың үлес салмағы басым екені белгілі. Қазақи қоғамда отбасында да ер кісінің рөлі әрқашан биік тұратыны сөзсіз. Осы орайда Лимана Қойшиева жігіттер қауымын өз ісінің мықты маманы болуға шақырды.

«Әр ер адам өз ісімен айналысса екен деймін. Бір бағытты таңдаған адам сол саланы барынша дамытуға үлес қосса, жетістікке жетеді. Оңай жол табу үшін бірінің мамандығын бірі басып жатқаны дұрыс емес деп ойлаймын. Бізде кей азаматтар имам болмаса да, діни тұрғыда ақыл айтуға құштар. Бұл дұрыс емес. Әр нәрсенің басын бір ұстаған адам суға кетеді. Мұндай кезде идеология да дұрыс болмайды. Жігіттер осы нәрсені ескерсе деймін», - дейді психолог.