«Әскери парадқа 4 млрд теңге жұмсалар еді»: салтанатты шеру туралы сарапшылар пікірі

Автор: Сағыныш Ибрагим

Қорғаныс министрлігі әскери шерудің өтпеу себебін бюджет қаражатын үнемдеу деп түсіндірді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Биыл Қазақстан Жеңіс күніне арналған салтанатты шеру өткізуден бас тартты. Бұған дейін пандемияға байланысты әскери парад екі жыл қатарынан кейінге шегерілген еді. Қорғаныс министрлігі қазір Қазақстан Қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен ұтқырлығының қажетті деңгейін қолдауға, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету мен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларды орындауға басымдық беріп отырғанын айтты.

Azattyq Rýhy тілшісі бұған дейін тұрақты түрде өткізіліп келген салтанатты шерудің үшінші жыл қатарынан қажетті деңгейде тойланбауы туралы және парадқа кететін шығындар жөнінде сарапшылардың пікірін білді. 

ПАРАДТЫ ӨТКІЗУГЕ ҚАНША ҚАРАЖАТ КЕТЕДІ?

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров әскери шерудің өткізілмеуі астарында ешқандай саясат жоқ екенін айтады. Депутат елдегі қазіргі жағдайға байланысты бюджет ақшасын үнемдеу ең дұрыс шешім екенін жеткізді.

«Бұл мәселеге қатысты бұған дейін Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді. Парадты өткізу жөніндегі шешімнің артында ешқандай саясат жоқ. Бір әскери шеруді өткізуге шамамен 4 млрд теңге қажет болады. Қазір халықаралық геосаяси жағдай өте күрделі, оның үстіне елдегі экономикалық жағдай да мәз емес. Бюджеттегі қаржыны барынша үнемдеуіміз керек. Шеруге бөлінетін 4 млрд теңге әскери күштердің мызғымастығын дамытуға жіберілетін болады. Менің ойымша бұл өте дұрыс шешім.

Дәл қазіргі жағдайда бюджеттің ақшасын оңды-солды шашып парад өткізгеннен керісінше, Қарулы Күштердің ішкі материалдық-техникалық базасын арттырған дұрыс», - дейді Ерлан Саиров.

Саяси шешімдер орталығының сарапшысы Арман Әмір әлемде болып жатқан тұрақсыздықтарға байланысты биыл елімізде әскери шеру өткізу идеологиялық тұрғыдан қателік болатынын жеткізді. Ол салтанатты шеруге қатысты өз пікірін былайша білдірді.

«Менің ойымша, бұл Қазақстанда әскери шеру өтпейтін болды деген жаңалықтан кейін ОДКБ бойынша біздің әріптесіміз Ресейге берілген жауап. Қазір Ресей Украинамен қақтығысып, Еуропа төрінде үлкен жанжалдың отын тұтатты. Дамыған елдердің барлығы дерлік Украинаны қолдап отыр. Бұл орайда Жеңіс күні қарсаныңда әскери шеру өткізу идеологиялық қателік болар еді. Қандай да бір ашық әскери шеруден бас тартуымыз дұрыс деп есептеймін. Бұған дейін әскери шеру Қазақстанда екі мәрте 2013 және 2018 жылы өтті. Екі шеру де 7 мамырда яғни, Қазақстан Республикасы Қарулы күштер күні өтті, Жеңіс күніне еш қатысы жоқ әскери шеру болды. Биыл да дәл солай жасауға болар еді, бірақ әлемдегі жағдайдан кейін бұл мүмкін болмай қалды. Қазақстан Ресеймен тығыз қарым-қатынаста екендігі ешкімге құпия емес. Сондықтан әлем жұртшылығы Қазақстандағы әскери шеруді Ресейге қолдау білдіру деп қабылдауы мүмкін еді», - дейді Арман Әмір.

Сарапшы Жеңіс күнін тойлаудың жаңа форматына көшу керектігін айтып, идеологиялық тұрғыдан әскери шеру өткізудің қаншалықты дұрыс екеніне тоқталды.

«ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА ӘСКЕРИ ШЕРУ ӨТКІЗУ КЕРЕК...»

«Біз Жеңіс күнін тойлаудың жаңа форматына өтуіміз керек. Жыл сайын өтетін Бессмертный Полк шерулері, георгий ленталары, Панфиловшылар туралы кино және т.б. кеңінен насихатталу, кезінде КСРО қатарында болған елдерді Ұлы Жеңіс желеуімен Ресейдің ықпалында ұстауға жол беретін бірден-бір идеологиялық әрекет екені белгілі. Ортақ құндылықтарды қалыптастыру арқылы Ресеймен біртұтас екенімізді насихаттау болып саналады.

Қазақстан бұл тенденциялардан тезірек бас тартқаны жөн. Молдова, Балтық елдері сияқты георгий ленталарынан біржолата бас тартып, өзіміздің аспан түстес лентамызды кеңінен насихаттап, Бессмертный полктың орнына Қазақстанның мүддесіне пайда әкелетін, Кремль идеологтары ойлап тапқан құндылыққа жол бермейтін өзіндік жаңа шара ұйымдастыру керек. Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері жыл сайын азайып жатыр. Бірнеше жылдан кейін елімізде соғыс ардагерлері мүлдем болмауы мүмкін. Келешек ұрпақ соғыс жайлы тек тарихтан білетін болады. Міне солар, ресейлік идеологияның уысында кетпеуі керек.

Идеологиялық тұрғыда әскери шеру өткізу керек деп санаймын. Әскери шеру Жеңіс күні құрметіне емес, 7 мамыр Қарулы күштер – Отан қорғаушылар күні құрметіне өтуі керек. Біз өзіміздің әскерімізді мақтан тұтуымыз қажет. Құдай сақтасын бірақ, елімізге күн туса Қазақстанды қорғау бірінші кезекте ел әскерінің міндеті», - дейді саясаттанушы.

«ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНАН КЕЙІНГІ САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕР ҮНЕМДЕУГЕ КЕЛЕ ЖАТЫР...»

Экономист Сапарбай Жобаев әскери шеру өткізу ел экономикасына анау айтарлық шығын келтірмейтінін тілге тиек етті. Салтанатты шерудің болмау себебін үнемдеу деп түсіндіру қисынға келмейді дейді маман.

 «Пандемиядан әлі толық арылған жоқпыз, оның үстіне қаңтар оқиғасынан кейін елімізде парад өткізіп, той тойлау дұрыс бола қоймас деп ойлаймын. Қаңтар оқиғасынан кейінгі мәселелерді шешіп алу керек. Парадқа жұмсалатын ақша ел экономикасына үлкен шығын әкелмейді. Әскери шерудің болмауын үнемдеу деп түсіндіру қисынға келмейді. Парад өтпесе әскери көліктерді дайындау, шығару оларға кететін бензин шығындары азғантай ғана үнемделеді, бірақ халық парад өтсін өтпесін Жеңіс күнін ешқашан ұмытпайды.

Тағы бір айта кететін жайт Ресейдің Жаужүрек полкін өткізу біздің қазақ халқының әдет-ғұрпына сәкес келмейді деп айтар едім. Ата-бабамыздың суретін алып көшеде жүру біздің салтымызға жатпайды. Оның орнына құран бағыштап, соғыста ерлікпен көз жұмған аға-әпкелерімізді еске алу, балаларға, мектептерге барып естелік айту дұрыс шешім деп санаймын.

Президеттің жаңа Жолдауынан кейін саяси үлкен өзгерістерге бет бұрып жатырмыз. Саяси өзгерістер экономикалық өзгеріске, үнемдеуге келе жатыр. Біз бүгінгі күні бюджеттің 50 пайызын салықтардан емес Ұлттық қордан алып отырмыз. Ұлттық қордан алынатын қаражатты азайту үшін осындай шараларды мүмкіндігіміз келгенше қарапайым қылып өткізуге бетбұруымыз керек», - дейді экономист.

Айта кетейік, әскери шеру өтпесе де мереке қарсаңында әскери-патриоттық іс-шаралар жоспарланған. Еліміздің барлық өңірінде 50-ге жуық түрлі шара өткізіледі.