Бүгін Халықаралық орман күні
Алдағы үш жылда ел көлемінде екі миллиард ағаш отырғызылады. Алайда, елдегі тұқымбақтар ол сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, елімізде ағаш өсірумен айналысатын тәлімбақтардың саны екі жүзден сәл ғана асады.
Бүгін Халықаралық орман күні. Атаулы күнге орай БАҚ өкілдері мен орман қорғаушылар көшет отырғызып, ағаш өсірудің проблемаларын талқылады. Республикалық бюджеттен ағаштардың жиырма шақты түрін өсіруге ақша қарастырылған. Тәлімбақтардағы көшеттердің санын көбейтіп, ағаш отырғызу жұмыстарына биыл 707 миллион теңге жұмсалмақ.
«Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келген мереке қарсаңында Междуреченск орман тұқымбағының аумағында қырым қарағайы мен қайың ағаштары отырғызылды. Сондай-ақ, шара барысында «Республикалық орман селекциялық-тұқым орталығының» қызметі таныстырылып, зертхана жұмыстары көрсетілді. Елдегі орман қоры мен олардың көлемін онлайн қарауға мүмкіндік беретін интерактивті карта таныстырылды. 2025 жылға дейін ел аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған», - деді ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.
Комитеттің мәліметінше, ел көлемінде тұрақты орман тұқымбағынмен – 65, уақытша көшет өсірумен айналысатын 164 тұқымбақ қана бар. Бұл тұқымбақтардың саны сұранысты толыққанды қамтамасыз ет алмайды. Ағаш өсіретін тұқымбақтардың санын арттыру үшін министрлік биылдан бастап тағы бір жаңа жобаны іске асырмақ. Осы саламен айналысатын кәсіпкерлерге шығынның елу пайызын мемлекет өтеп бермек. Мамандардың зерттеуінше, елімізде отырғызылған ағаштардың 35 пайызы қурап қалады екен.
«ҚР Орман кодексінің 106-бабына сәйкес жеке орман шаруашылығы объектілерін құру үшін кәсіпкерлікті ынталандыру қарастырылған, 2022 жылы бұл іс-шараларға республикалық бюджеттен 707,6 млн. теңге қаржы бөлінеді. Жеке питомниктер мен плантацияларды құру жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында орман қоры аумақтарына 2 миллиард ағаш отырғызуға және қалалар мен елдімекендерді абаттандыруға 15 миллион көшет егу жоспарланған. Сонымен қатар, тез өсетін ағаштарды көбейту ормандарға түсетін қысымды жеңілдетеді және оларды сақтайды», - деді комитеттің баспасөз қызметі.
Алдағы үш жылдың ішінде келесі ағаш түрлерін отырғызу жоспарланған: