Инфрақұрылымның бәрін жергілікті тұрғындар өз қаражатына жасаған
Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты Рахат-Мәдениет шағын ауданының тұрғындары жыл сайын бір рет жиналыс өткізіп, проблемаларын шешіп бере алмайтын әкімдерге өкпелі. Тұрғындардың айтуынша, шағын аудандағы шешілмей жақтан мәселе шаш етектен. Azattyq Rýhy тілшісі аудан әкімі Азамат Бескемпірұлының тұрғындармен кездесуіне барып, екі тарапты да тыңдап қайтты.
Мәдениет шағын ауданының құрылғанына 9 жыл болған. Бір қызығы осы уақыт ішінде тұрғындарға мемлекет тарапынан бірде-бір жағдай жасалмаған. Инфрақұрылымның бәрін жергілікті тұрғындар өз қалтасынан жасап келеді.
КӨШЕДЕГІ ГАЗ ҚҰБЫРЫНАН ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ ӨТЕ АЛМАЙДЫ
«Біз Алматы деген мегаполистің тұрғындарымыз. Жолымыз көктем мен күзде балшыққа батып жатады, ал ала жаздай ауызсу жетпейді. Бүтін бір шағын аудан түнде суға түсіп, кір-қоңын жуады. Газ желісін де 500 мың теңгеге жуық ақша шығарып, өз қалтамыздан тарттырдық. Су жетпеген соң, жағдайы жеткен үй есіктің алдынан құдық қаздырдық. Тым құрыса ыдыс-аяқ жуып, жуынайық деген ой, әйтпесе құм аралас су күнделікті ішуге келмейді. Газ, энергия желісі, жол халық үшін базалық ең қажетті дүние емес пе?! Оны қойғанда қалаға екі-ақ автобус жүреді, шағын ауданда бір мектеп жоқ, неше жылдан бері балаларымыз бен немерелерімізді қалаға тасып келеміз. Балалар ойнайтын алаңқай да жоқ. Шағын ауданның құрылғанына 1-2 жыл болса жарайды дер едік, 10 жыл болып қалды. Бізге өзі қарайласатын үкімет бар ма?!
Мәдениет ауданының кіре беріс жолындағы учаскені біреулер сатып алып, балабақша салып тастады. Сонымен жолды бері жылжыттық, бірақ көшедегі газ құбырынан төбесі биік көліктер өте алмайды. Жуырда бір тұрғын соқыр ішек болып, түнгі үште жедел жәрдем қызметкерлерінің көлігі өте алмай, жаяу келді. Әкім мырза аталған мәселеден хабардар, бірақ әлі еш өзгеріс жоқ», - деді ашулы тұрғындар.
Одан бөлек, шағын ауданда ұрылар мен иесіз иттер қаптаған. Халықтың ауласындағы қара қазанына дейін көтеріп кеткен ұрылардың бірде-біреуі осы уақытқа дейін ұсталмапты.
«Учаскелік полиция бүгін әкім келген соң, осында келіп тұр. Былайғы күні олардың бізбен шаруасы жоқ. Ұрылардан мезі болып біттік, ақша, телефон, алтын, техниканы қойып, ауладағы темір-терсек, қазанға дейін көтеріп кетіп жатыр. Қаңғыған иттерден балаларымызды аулаға шығаруға қорқамыз. Қалаға жүретін екі-ақ автобус бар. Әкімге осы проблеманың бәрін екі жыл бұрын айтқанбыз. Әне шешіп береміз, міне шешіп береміз деп алдап келе жатыр. Канализация да, жөні түзу жол да жоқ. Тіпті Мәдениетке кіре берісте шағын ауданның аты жазылған тақтайша орнаттыра алмадық.
Әкімдіктегілердің айтуынша, бір тақтайша орнату кемі жарты миллион тұрады. Бүгінгі жиында әкім «Ауданда бір тиын бюджет жоқ. Мәселелеріңіз 2023-2024 жылдары шешілсе де жаман емес» деді. Алатау ауданының әкімі Азамат Бескемпірұлынан үмітімізді үздік. Алматының жаңа әкімі Ерболат Досаев біздің мәселемізді назарға алып қалар, болмаса ел Президентіне хат жазамыз. Тым құрыса су мен газды, кәріз құдығын орталық жүйеге қосып берсін. Біз қашанғы жекеменшік кәсіпкерлерге төлейміз?!» - деп налыды шағын аудан тұрғындары.
АЛАТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: МЕН ДЕ ӘКІМГЕ БАРЫП СІЗДЕР СИЯҚТЫ ЖЫЛАЙМЫН
Алатау ауданының әкімі болғанына екі жылдан асқан Азамат Бескемпірұлы Рахат-Мәдениет тұрғындарына ҚазТрансгаз мамандарын, ветеринарды, учаскелік полиция мен энергия саласына жауапты кадрларды бірге ертіп келіпті. Қарапайым халықтың алдына галстук-жейдесін шешіп, барынша қарапайым болып келген әкімнің жауабы ешкімді қанағаттырмады.
«Ауданды көріктендіру бойынша балалар ауласын салуға ғана қаражат бөлінеді. Жол, инженер желісі, канализация менің құзыретімдегі шаруа емес, мұның бәріне қалалық басқарма жауапты. Қалалық суға өткізуге құжаттарды әзірлеп жатырмыз, мемлекеттік экспертизаны мамыр айында аламыз. Аудандық әкімдікке су, канализация, электр энергиясы, интернет желісі мәселелерін шешуге қаражат бөлінбейді. Мен сіздердің проблемаларыңызды қалалық әкімдікке жеткізуші ғанамын.
Рахат-Мәдениет ауданына қатысты жөндеу жұмыстарының жобасы тек өткен жылдан бастап қолға алынды. Мамыр айында мемлекеттік экспертизадан құжаттар шықса, жаздың үш айы мердігер компанияларды таңдауға арналған мемлекеттік конкурс өткізіледі. Су мен канализацияға екі жылдай уақыт қажет, осыдан кейін ғана жол мәселесін шешеміз. Өкпе-реніштеріңіз орынды, сіздердің қажеттіліктеріңіз 10 жыл бұрын өтелуі тиіс еді, бірақ мемлекет қаржы бөлмей отыр. Қажет болса, мәселелеріңізді қала әкіміне де барып айтыңыздар. Мен де әкімнің алдына барып, сіздер сияқты жылаймын», - деді Азамат Бескемпірұлы.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселелер бойынша қала әкімі Ерболат Досаевқа ақпараттық сауал жолдады. Жауаптар қосымша жарияланады.