Әкімдік құрылысшыны сотқа бермекші
Алматы облысында көпқабатты тұрғын үй заңсыз салынып жатыр. Талғар тас жолының бойында зәулім ғимараттарды салуға компания басшылары мемлекеттік мекемелердің рұқсатын да алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жер үйлердің жанына заңсыз құрылыс жүргізген компанияның әрекетіне тұрғындар қарсы шықты. Олардың сөзінше, жеке компания құрылыс талаптарын да мүлдем сақтамаған.
«Бесағаш ауылында «Hayat Construction Group» және «Hayat apartments» компаниялары тұрғын үй кешенін заңсыз салып жатыр. Компанияның қожайындары нормативтерді сақтамай бір жылдан бері құрлыс жүргізіп келеді. Жеке тұрғын үйлердің арасынан 9 қабатты құрылыс бой көтеруде. Жеке тұрғын үйлермен ара қашықтық сақталмаған, екеуінің арасы небәрі 16 метр. Халықпен ақылдаспаған», - деді жергілікті тұрғындар.
Халықтың сөзінше, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Жұмысшылар тоғыз қабатты үйді жартысына дейін көтеріп қойған. Ашулы халық Президент әкімшілігіне, Бас прокурорға, Премьер-министрге, құрылыс істері жөніндегі комитетке дейін бірнеше рет арызданған. Айтуларынша, жергілікті атқарушы орган ешқандай шара қолданбай отыр.
«Бүгін міне, елу шақты тұрғын жиналдық. Көбі жұмыста. Біз былтырдан бері арыз жазып келеміз. Бұл мәселеден аудан, облыс басшылары хабардар. Алайда, еш шара қолдана алмай отыр. Нәтиже жоқ. Талабымыз – көпқабатты үйлерді салмасын. Күн түспейді, жел соқпайды, ауа ауыспайды. Құрылыстың басшыларымен сөйлессек, «бізге үш-төрт қабат салған тиімсіз» дейді. Шамамен көпқабатты 29 үй салмақ. Осы жерде 70-тен астам үйдің адамдары зиян шегіп отырмыз», - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Бақыт Мұқаев.
Алматы қаласына тиіп тұрған аумақта салынып жатқан құрылысты тоқтату туралы облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы компанияның басшыларына да ескерткен екен. Алайда, ірі кәсіпкерлер ол ескертуді қаперге де алмаған. Әкімдіктің мәліметінше, жер телімі М.З Қасанов есімді кәсіпкерге тиесілі болып шыққан.
«Жоғарыда аталған нысан – «Луч Востока» көп функционалды тұрғын үй кешені. Жер телімі 2021 жылдың 16 ақпанындағы №239 және 2021 жылдың 11 қазанындағы №5270 сату-сатып алу келісім шарты негізінде М.З.Қасановқа тиесілі. ҚР Құқық бұзушылық туралы әкімшілік кодекстің 802 бабына сәйкес жоғарыда аталған нысан иесі ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс комитеті туралы» Заңының 34-2-бабының 2-тармағы, 2 және 3-тармақшаларына сай және 68-бабының 12-тармақтарын бұза отырып, коммерциялық нысан құрылысын тиісті сметалық жобалау құжатын тәртіппен сараптамадан өткізбеген. Құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды, сонымен қатар нысанның құрылыс-жинақтау жұмыстарын уәкілетті органдарға хабарламай жүргізген», - деді Алматы облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Егізбаев.
Көпқабатты үйлерді заңсыз салғаны үшін басқарма компанияны Талғар аудандық сотына жібермек.