$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Солтүстік Қазақстан тұрғыны орыс тілін білмегендіктен сотта құқығын қорғай алмай жүр

Құзырлы органда аудармашы болмағандықтан отырыс бірнеше рет кейінге шегерілген

Солтүстік Қазақстан тұрғыны орыс тілін білмегендіктен сотта құқығын қорғай алмай жүр

Солтүстік Қазақстан тұрғыны Ғани Жүсіпбеков орыс тілін білмегендіктен сотта құқығын қорғай алмай жүргеніне шағымданды. Арызданушы тарап - облыстық әкімдік процестің ресми тілде өткізілуін сұраған. Құзырлы органда аудармашы болмағандықтан отырыс бірнеше рет кейінге шегерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ТАБЫСЫН ЕСЕЛЕУДІҢ ОРНЫНА БЕЛШЕДЕН БЕРЕШЕККЕ БАТУЫ МҮМКІН

Ғани Жүсіпбеков – Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка қаласында тұрады. 5 жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы арқылы оңтүстіктен теріскейге көшіп барған. Мамандығы – механизатор. Кәсібіне сай жалақысы жақсы жұмыс табылмапты. Ешкімге алақан жайғысы келмеген азамат өз кәсібін ашуды жөн көріпті.

«4 жыл бір шаруашылықта жұмыс істедім. Кейін жұмысымнан айрылып қалдым. Жинаған ақшама қоғамдық монша салуды ұйғардым. Нысанның құрылысы аяқталар шақта сол кездегі Мамлют ауданының әкімі Руслан Анбаев келді. Мемлекеттен грант алуға кеңес берді. Мен қуана келісіп, бизнес жоспар жасадым. Моншаға қажетті қондырғылар мен жиһаз алуға 2,3 млн теңге демеуқаржы берілді. Бәрін жоспарға сай жасадым, тек 2 жұмыс орнын аша алмадым. Қазіргі түсетін кіріс тек азық-түлікке жетеді. Көп келіп жатқан жоқ» - дейді Ғани Жүсіпбеков. 

КӘСІПТІ ДАМЫТУҒА ПАНДЕМИЯ КЕДЕРГІ

Өз ісін дамыту мақсатында алынған мемлекеттік грант кәсіпкер табысын еселеудің  орынына банкрот болып, белшеден қарызға батуына себеп болуы мүмкін. Бизнес жоспар толық орындалмағандықтан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы демеуқаржыны қайтару мақсатында сотқа шағымданған.

«Даму» қоры грант беру ережесі бойынша моншада мониторинг жүргізді. Оның барысында диван, екі кресло, электрлі бу шығару құрылғысы болған жоқ. Екі жұмыс орны ашылмаған. Ол 2,3 млн теңгені мақсатты жұмсағанын құжыт жүзінде дәлелдей алмады. Сондықтан біз жергілікті бюдждеттен төленген қаражатты қайтаруға уақыт бердік. Бірақ ол орындалмады. Сондықтан іс сотқа жетті. Қазір ол мамандандырылған ауданарылық экономикалық сотта қаралуда», - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықов.

Мемлекеттік бағдарлама қатысушы отбасы үшін жалғыз табыс көзі осы қоғамдық монша.  Нысанды ешкімнің көмегінсіз өзі салған. Айына орта есеппен 100 адамды қабылдайды. Алайда ол тым аз. Кәсіпкердің айтуынша, сұранысты арттыруға пандемия кедергі. Бірақ оған ешкім назар аударып жатқан жоқ. Сондықтан бизнес жоспарындағы екі жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болмапты. Қалған талапты орындап, моншаға қажетті қондырғылар мен жиһазды сатып алған.

«Диван мен кресло – моншада кезек болған кезде тұтынушылар күтіп отыратын бөлмеге қоюға арналған. Қыста күн суық болғандықтан мен оны үйге кіргізіп қойдым. Тұтынушылар да сол жерде теледидар көріп отыратын. Тексеріс келгенде электрлі бу құрылғысы да орнында болмай қалды. Бірақ оның барлыған моншаға қойып қойдым. Қосымша жұмыс орнын ашуға шамам келмейді. 4 рет сот отырысы болды. Мен ештеңе түсінбейтінімді айттым. Соңғысында аудармашы талап еттім. Содан бері сот екі рет шегерілді. Аудармашы жоқ. Құзырлы орган маған ақшаны қайтаруға міндеттесе менде ондай қаражат жоқ. Одан да мені бас бостандығымнан айырсын. Түрмеде отырып шығуға дайынмын», - дейді Ғани Жүсіпбеков. 

СОТТА АУДАРМАШЫ ТАПШЫ

Істің мән-жайын білу мақсатында сотқа сауал жолдадық. Облыстық сот баспасөз хатшысының айтуынша, аудармашы еңбек демалысында болған. Құзырлы органда жалғыз маманның жұмыс істеуі таң қалдырды.

«Тараптарды татуластыру рәсімі өткізілген, олар келісімге келе алмаған. 2021 жылғы 24 желтоқсандағы судьяның ұйғарымымен арыз соттың іс жүргізуіне қабылданды.  Азаматтық іс қозғалды. Сот ісін жүргізу тілі арыз берушінің өтініші бойынша орыс тілі болып анықталған. 2022 жылғы 23 ақпанда сот отырысында жауапкер орыс тілін білмейтіндігін мәлімдеген, осыған байланысты істі қарау аудармашының қатысуын қамтамасыз ету үшін 2022 жылғы 02 наурызға кейінге қалдырылған. Белгіленген күні аудармашының қатысуын қамтамасыз ету мүмкіндігі болмағандықтан, істі қарау кейінге шегерілді», - делінген ресми жауапта. 

Төрт жылға жалғасқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстігінен солтүстік аймақтарына 9700 отбасы көшірілді. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 20 млрд теңге жұмсалды. Қоныс аударушылардың 600-ден астамы шыққан өңіріне қайта кетіп қалған. Айтуларынша басты себеп, жалақының аздығы мен жұмыстың жоқтығы.

 «4022 адам – еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Соның ішінде 3223 адам тұрақты еңбекпен қамтамасыз етілді. Қажет жағдайда кәсіптік оқытуға жіберіледі. Қоныс аударушыларға осы жылдар аралығында 250 млн теңге көлемінде грант пен несие берілген болатын», - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы Назерке Тасқұлова. 

Мемлекеттік бағдарлама аяқталғанымен, көш жалғасады. Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстанға 2,5 мың адам көшірілмек. 

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары