Жұмысшылардың жалақы мөлшеріне қатысты наразылықтары әлі баршылық
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысқа алудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың қатысуын көздейтін заң жобаларын әзірлейді. Бұл туралы министрліктің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгінде 66 кәсіпорын мониторингпен қамтылған. Жұмысшылардың жалақы мөлшеріне қатысты наразылықтары әлі баршылық. Олар негізінен Маңғыстау (27 кәсіпорын), Атырау (12) және Батыс Қазақстан (7) облыстарында байқалады. Қазіргі уақытта тәуекел аймағында орналасқан 46 кәсіпорын бойынша қызметкерлердің негізгі талабы жалақыны арттыру болып саналады. Сондықтан жалдамалы қызметкерлердің жалақыларына олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының түсуі негізінде талдау жүргізілгені мәлім болды.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлердің 53,4%-ы (3,1 млн адам) 157 мың теңгеге дейін немесе «медианалық» деңгейден төмен жалақы алды. Еңбекақы мониторингінің нәтижесінде біз әкімдіктерге 2,8 мың ірі кәсіпорынның тізімін жіберіп, олармен кәсіподақтармен бірге жалақыны арттыруға байланысты жұмыс жүргізу қажет», – деді Серік Шәпкенов.
Уақытылы еңбекақы төлеу мәселесі тұрақты бақылауда. Бүгінде жалақы бойынша берешек 901 млн теңгені құрайды, оның ішінде осы және мерзімі өткен – 188 млн теңге, банкроттық кәсіпорындарында – 713 млн теңге.
Еңбек ресурстарының «hr.enbek.kz» порталында 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Онлайн еңбек кеңесшісі» қызметі іске қосылды.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша мыналарды атап өтуге болады. 23 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы бойынша 5,6 млрд теңге қарызды өтеу қамтамасыз етілді. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны 2,5%-ға азайды», - деп қорытындылады Серік Шәпкенов.
Сондай-ақ, министр, қазақстандықтарды лайықты еңбекпен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылға арналған жұмыс жоспары жөніндегі ақпаратты жеткізді.
«Біріншіден, жалдаудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың қатысуын көздейтін заң жобалары әзірленетін болады. Екіншіден, Еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды, сондай-ақ Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын өзектендіруді көздейміз. Жұмысшылардың жалақысын арттыру және өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі шараларға ерекше назар аударылатын болады», - деді Серік Шәпкенов.