Қарағандыда дәрігердің ағаттығынан сал болып қалған әйелдің ұлы көпшіліктен көмек сұрады
Небәрі 47 жастағы Айғаным Сейдуалиева 2 жарым жылдан бері төсек тартып жатыр
Қарағандыда дәрігердің қателігінен сал болып қалған Айғаным Сейдуалиеваның ұлы, анасының еміне халықтан көмек сұрайды. Айтуынша, анасы венеролог дәрігердің теріс емінің салдарынан 2 жарым жылдан бері төсек тартып жатыр, деп хабарлайды Астана арнасы.
Ал медицина қызметкерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылып қалған. Алмас анасын арнайы зонтпен тамақтандырып, тәулік бойы күзетеді. Небәрі 47 жастағы Айғаным Сейдуалиева 2 жарым жылдан бері төсек тартып жатыр, тіпті сөйлей алмайды. Венерелог дәрігердің теріс емінен кейін осындай күйге түсті дейді Алмас. Қауіпті антибиотикті анасына үй жағдайында өгей әкесі салған, дәрі тамырға енген бойда науқас есінен танып қалғанын жеткізді.
«Мамам уколдан кейін анафилактикалық шок алып есінен танып, сал болып қалды, миы зақымдалған. Антибиотик негізсіз тағайындалған. Екіншіден аллергиялық сынама алу үшін жолдама бермеген. Үшіншіден бұл «ротоцеф» деген антибиотик 2015 жылдан бастап протоколдан алынып тасталған», - дейді науқастың ұлы Алмас Жеңісбек.
Дәрігердің өрескел қателігі арнайы тексеру кезінде расталған. Қылмыстық Кодекстің 317-інші, яғни «медицина жұмыскерінің кәсіптік міндетін тиісінше орындамауы» бабымен іс қозғалған. Алайда сот-медициналық сараптама комиссиясы «науқастың жағдайына дәрігердің теріс емі тікелей әсер етпеді» деп шешкен. Осыдан соң полиция істі жауып тастапты.
«Медициналық көмек көрсету стандарттары өрескел бұзылған. Науқас ақылы түрде қаралған. Сөйте тұра еш келісімшарт жасалмаған. Дәрігер ішетін дәрі тағайындауы тиіс еді, оның орнына қарсы көрсетілімі жоғары "Ротацеф" екпесін тағайындаған. Оны аллергиялық сынамасыз үй жағдайында салуға мүлде болмайды. Оның үстіне жедел жәрдем де кеш келген. Қазіргі таңда науқасқа бас миының анаксикалық зақымдануы диагнозы қойылып отыр", - дейді медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қарағанды облысы бойынша департамент жетекшісінің орынбасары Наталья Нармағамбетова.
Осы жағдайдан соң өгей әкесі отбасынан ізін суытқан. Ал Айғаным Сейдуалиеваны Қазақстанда емдеу мүмкін емес. Еріксіз халықтан көмек сұраудан басқа амалы жоқ. Өйткені ол анасының күтімінен бөлек, екі кішкентай қарындасы үшін де жауапты.
Ал полиция департаменті аталған іске қатысты қандай да бір ақпарат бермеді.