$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.12.2021, 14:13
Қоғам

Түркістан облысының аңшылары саятшылық мерзімін ұзартуды талап етті

Ал Экология министрлігі аңшыларға қатысты заңнамаға өзгерістерді мемлекеттік органдармен талқылауда

Түркістан облысының аңшылары саятшылық мерзімін ұзартуды талап етті
Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысының аңшылары аңшылық туралы заңды қайта қарауды сұрап отыр. Өйткені аңшылық маусымы ел бойынша қыркүйек пен желтоқсан айының ортасына дейін жалғасады. Бірақ бұл тек солтүстік өңірлерге қолайлы екен, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал ауа райы қолайлы оңтүстікке бұл мезгілде үйрек, қаз ұшып келмейді. Су қоймалары толып нағыз саят құратын кезеңде аңшылық маусымының мерзімі аяқталып қалады дейді жиналғандар.

Түркістан облысының өзінде 8 мыңға жуық аңшы бар. Бәрінің қолында бір маусымға жарайтын құны 10-12 мың теңге аралығындағы жолдама бар. Бұл рұқсат қағазы арқылы бүкіл оңтүстіктің орман-тоғайы мен су жағалауларында саят құруға мүмкіндік бар. Бірақ сулы-нулы аумақтарды жалға алғандар қосымша тағы ақы талап етеді. Қолында құжаты барлар аңшылық маусымда не жүре алмай, не аң-құс таба алмай сенделеді.

«Міне, атайық десек, ешнәрсе жоқ, бүркіттен басқа. Неге десеңізші? Өйткені су жоқ. Су болмаған соң жем, азық та болмайды. Сегіз мың аңшы жүр бостан-босқа. Не үйрек, не су жоқ. Төрт болды, шағым жасадық, жауап жоқ», - дейді аңшы Нусрет Гусейнов.

 Аңшылар мәселе оңтүстіктің басты су арнасы – Сырдария өзенінде болып тұр дейді. Мысалы, су желтоқсанның соңына қарай толады да, өзге ұсақ көлдерге құяды. Сол кезде қазір шаң басып жатқан аймақта аң-құс өреді екен. Бұл жер ары кетсе екі-үш аптада суға толады. Сөйтіп үйрек пен қаз қона бастайды. Яғни аңшылардың нағыз саят құратын кезі. Бірақ 15 желтоқсанда аңшылық маусым мерзімі аяқталады да, ешкімнің мылтық атуға құқы жоқ. Сондықтан маусымында үйрек атамыз деп үміттенгендер, ары кетсе торғай мен қарға көздеп, болмаса құты атып көңіл көтеруге мәжбүр.

Десе де аңшылық маусымы жалпы жұртқа аяқталғанымен, дөкейлерге бір күнге де тоқтаған емес дейді жиналған аңшылар. Лауазымды, һәм қалтасы қалыңдар жыл он екі ай саят құрады дегендер қырсыққанда енді біз де браконьер боламыз деп отыр.

Ал Экология министрлігіндегілер аңшылардың талай жылғы базынасын зерттей келе, енді өзгерістер енгізіп жатырмыз дейді. Яғни Түркістан облысы мен Маңғыстау өңірінде аңшылық маусымның жайсыз екенін мойындай келе, мерзімді сәл ұзартуды ұйғарыпты.

«Енгізілген өзгертістерде қыркүйек айының екінші сенбісінен бастап 31 желтоқсанға дейін ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл ғылыми ұйымдардың биологиялық негіздемесіне сәйкес әзірленген», - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Олжабек Холов.

Оңтүстік пен Маңғыстау аңшылары биылдан бастап жаңа жылға дейін саят құруға мүмкіндік алды. Экология министрлігіндегілер аңшыларға қатысты заңнамаға өзгерістерді қазір мемлекеттік органдармен талқылап жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары