Креативтік индустриялар басқармасы бір апта ішінде 124 млн теңгенің тендерін ұйымдастырып, жеңімпазды анықтады
Алматы қаласына Бақытжан Сағынтаев әкім болып барғалы шаһардың дамуына қатысты «креативті экономика» деген термин жиі айтыла бастады. 2019 жылдың ортасында қала әкімі болған Сағынтаев 2020 жылы креативті экономикаға қатысты бірнеше ауқымды кездесу ұйымдастырса, 2021 жылдың басында әкімдікке қарасты су жаңа креативті индустриялар басқармасын құрды. Міне, сол басқарма жыл соңына қарай қалада «креативтік индустриялардың халықаралық форумын» өткізбекші. Бсқарма бұл мақсат үшін 124 млн теңгенің тендерін жариялаған.
Тендер қарашаның 22-сі күні мемлекеттік сатып алулар сайтына ілініп, жеңімпаз 29 қараша күні анықталған. Лоттың нақты сомасы 124 млн 654 мың теңге.
124 млн теңге бюджет қаражаты кімге бұйырды?
Лотты бес жыл бұрын пайда болған «ROI GROUP» ЖШС жеңіп алған. Компанияның жетекшісі – Данияр Шәмиев. Алғашқы жылдары бюджетке мүлдем салық түсірмеген компания қазір мемсатып алу сайтының ірі ойыншысына айналған. Биылдың өзінде компания табысынан 183 млн теңге салық төлеген.
10 спикердің бесеуі - «халықаралық сарапшы»
Ал, Алматы әкімдігіне қарасты креативті экономика басқармасы жеңімпаз компанияға тендер аясында форумға қатысты бірнеше шарт қойып отыр. Атап айтсақ, конкурстың техникалық құжаттамасында жазылғандай:
Форум қашан өтеді?
Креативті индустриялар басқармасы техникалық құжаттамада форумның өтетін уақытын нақты көрсетпеген. Azattyq Ruhy тілшісі басқарманың баспасөз хатшысы Әділ Нұрғалықовтан телефон арқылы анықтағандай, форум желтоқсанның соңында өтеді деп жоспарланып отыр. Форумға қандай халықаралық сарапшылар қатысатыны, оларға төленетін гонорар құны, форумның бағдарламасы мен нақты өтетін күніне қатысты сұрақтарға баспасөз хатшы тек ресми сауал арқылы жауап бере алатынын айтты.
Ал, Сағынтаев болса, қаланың креативті экономикасын дамыту үшін халықаралық сарапшыларды былай қойғанда, тик-ток желісіндегі Қазақстанның жастардың да пікірін тыңдауға дайын.
Жазда «тиктокерлермен» кездескен әкім оларды қолдап, креативті экономиканы дамыту үшін жағдай жасаймыз деген еді.
«Жетекші алматылық тиктокер және продюсерлермен танымал жастар бағытын қолдау мен оны дамыту мәселелерін талқыладық. Креативті индустрияны дамыту стратегиясы аясында дарынды жастардың өзін-өзі танытуы үшін жағдай жасайтын боламыз. Алматылық тиктокерлердің табысы — өз алдына бір бөлек әңгіме. Біздегі Хаустар 10 мың адамның ішінен бүкіл әлем бойынша 2-3 орын алады. Танымал Tik Tok Хаусер тиктокерлері мен продюсерлері тәжірибе алмасуға, дамуға, сондай-ақ жаңадан келгендердің шығармашылығын монетизациялауға көмектесуге дайын. Біз өз тарапымыздан жайлы жағдай жасауға немесе бейнебаян түсіруге ыңғайлы орын ұсыну бойынша қолдау көрсетеміз», - деген еді Сағынтаев.
Қарлығаш Асқар