Қызылордада қаржылық пирамида құрып, жұртты алдап соққан алаяқ қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 16 адамға 4,5 млн теңгеден астам мүліктік залал келтірген

Фото ашық дереккөзден

Қызылордада алаяқ 16 адамды 4,5 млн теңгеге сан соқтырған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысында осы жылдың 11 айында алаяқтықтың 642 дерегі тіркелді, оның ішінде 342 дерек – интернет-алаяқтық қылмысы.

Интернет-алаяқтары бойынша тіркелген қылмыстардың 49 дерегі немесе 14,3 пайызы шет елдің, яғни Ресей, Украина мемлекеттерінің азаматтарымен жасалғаны анықталған. Осы қылмыс түрінің 15-і сотқа жолданса, 18-і бойынша тергеп-тексерулер тоқтатылған, қалған істердің мерзімі үзілген.

«Қ. есімді адам ғаламтордағы “WhatsApp” мессенджерінен “Wall Street”, “Вклад чат Ергазы” және “Inspider” атауларымен чаттар ашып, жалған ақпарат таратқан. Қаржылық пирамиданы құрып, 16 адамға 4 563 800 теңгеге мүліктік залал келтіргені анықталды. Қылмыстық іс-материалы сотта қаралуда. Бұдан бөлек, алаяқтар OLX, Kolesa.kz және т.б. сайттарды пайдаланып, жалған сатылымдар ұйымдастырған. Онда тұрғын үйдің, қымбат көліктердің және т.б. бағалы заттардың суреттерін қойып, арзан бағасын көрсеткен. Оған қызығушылық танытқан және бағасына келіскен азаматтарға 10 пайыздық немесе белгілі бір мөлшердегі ақша-қаражаттарын аудартып алып, ізін жасырып, алдап соғуда», – деді Полиция департаментінің Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асхат Мұхтарұлы.

Жалпы, облыс көлемінде 24 интернет-алаяқтық қылмысы ашылып, 9 қылмыстық іс кезекші тәулікте ашылған.