Ауғанстаннан елге келген қандастар ас-сусыз отырғандарын айтады

Автор: Azattyq Rýhy

Өйткені олар үш айдан бері «қандас» мәртебесін алмаған

Фото ашық дереккөзден

Ауғанстаннан жан сауғалап келген қандастар ішерге ас таппай отыр. Себебі, атамекенге қоныс аударғандарға үш айдан бері «қандас» мәртебесі берілмепті, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі.

Соның кесірінен не жұмысқа орналаса алмай, не мемлекеттен берілетін бір реттік көмекке де қол жеткізе алмай отыр. Қазір ас-судан тарыққан отбасыларға қайырымды жандар көмек көрсетуде. Оның үстіне суыққа бейімделмеген олар Арқаның аязына шыдамай, ауылдағы бейнеттен қажып қалаға көшсек дейді.

Файзулла Ахмади Бурабайдағы Кіндікқарағай ауылына қарт анасы және бес баласымен қыркүйекте қоныстанған. Жергілікті билік отбасын баспанамен, үйге қажетті техникамен қамтамасыз етіпті. Бірақ содан бері ортаға бейімделіп, тұрмысын тіктеп кете алмаған. Әсіресе қиындық қыс түскенде келді дейді. Ауғанстанның аптап ыстығына үйренген жанұя арқаның аязына шыдай алмай отыр екен. Ауылдықтар көмір жағуды қанша үйреткенімен, үйлерін жылытудың мәнісін таппапты. Сондықтан қандастар қалауы – қалаға көшу.

Оның үстіне отбасы мүшелері ауылдан жұмыс таппай қажыған. Соның кесірінен айлап ақшасыз, ас-сусыз отырдық дейді. Тіпті, кей күндері өзек жалғар бір тілім нан таппай, тоңазытқыштары бос қалыпты. Қайта қайырымды жандар көмектесіп, біраз күнге жетер азық-түлік алып беріпті. Ал отағасының тұрақты жұмысқа орналасуына «қандас» мәртебесін алу шарты кедергі келтірген. Сондай-ақ, отбасының әрбір мүшесіне берілуі тиіс 204 мың теңге көлеміндегі бір реттік мемлекеттің қаржылай көмегі де осы құжаттардың рәсімделмеуінен төленбепті.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры қандас мәртебесін беру мәселесі желтоқсан айында шешілуі тиіс екендігін айтады. Ал Файзулла Ахмади отбасын өзге аймаққа көшіру мәселесін облыстан арнайы құрылған қандастарды квотаға енгізу жөніндегі тұрақты комиссия шешетін болады.

Дегенмен, мамандар шеттен осылай жан сауғалап келген қандастарды тым болмаса 6 айға дейін оңалту орталықтарына орналастырған жөн дейді. Онда тілді үйреніп, психолог, теологтардан кеңес алып, ортаға тез сіңісіп кетуіне де мүмкіндік туар еді деген пікірде.