Түркістанда ашылған Назарбаев зияткерлік мектебінен шу шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Ата-аналар жатақхана жетіспеушілігінен балаларымызды далада қалды деп отыр

Фото ашық дереккөзден

Түркістанда өткен жұмада ресми түрде ашылған Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының ата-аналары наразылық білдірді. Олардың айтуынша, балалары далада қалып отыр. Себебі мектеп жатақханасында орын жеткіліксіз, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Түркістандағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде бір топ ана-ана жиналды. Бұл білім ұясында 330 оқушы оқиды. 280 баланың анасы жатақхана қажеттілігін айтып, өтініш қалдырған екен. Алайда ондағы жатақхана небәрі 120 орынға арналған. «Балаларымыз далада қалды» деген ата-аналар мектеп басшылығынан мәселені шешіп беруін сұрады.

Аталған білім ұясына тек Түркістан облысы емес, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан да оқушылар қабылданған. Енді олар әке-шешесімен бірге тәуліктік пәтер жағалауға мәжбүр болып отыр.

"О баста құжат қабылдамай тұрып "Тұратын жеріңіз бар ма? Біз жатақханамен қамтамасыз ете алмаймыз" деп алдын ала ескертсе ойланар едік. Өзім бес баланың анасымын. Шымкентте тұрамын. Енді баламды кімге қалдырамын? Оқушы түгілі, біз өзіміз жалғыз жүруге қорқатын заман болды. Ұлым өзі оқып жүрген мектеппен қоштасып, Түркістанға грантқа оқуға түскенін айтқан. Балама қайта бұрынғы мектебінде оқи саларсың десем, жылап отыр", -  дейді ата-аналардың бірі Әлия Ахметова.

Шымкент тұрғынының сөзін алматылық Майгүл Мұқашева да растады.

"Біз бәріміз бір жалақыға қарап отырған адамбыз. Өзім қазір еңбек демалысында болғандықтан баламның қасындамын. Ертең жұмысым басталған соң не істеймін? Жұмысты тастауға тағы болмайды. Тым болмағанда ақылы негізде болса да жатақхана ұйымдастырып берсе екен. Сонымен қатар оқушыларды тасымалдайтын көлікті де қарастырып берсе. Тіпті несие алсақ та төлеуге дайынбыз", - дейді баласы 7-сыныпта оқитын Майгүл Мұқашева.

Ал Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Балкан Қасымов жатақхана мәселесін шешіп беруге қауқарсыз екенін ашық айтты.

"Ата-аналарды жақсы түсініп отырмын. Мұндай проблема шығатынын білген жоқ. Бірақ биыл ереже өзгерді. Біздегі мектеп осындағы ауылдың балаларын қолдауға арналған. Демек, жатақхана облыстың өзге аудан-қалаларынан келген балаларға бөлінді. Жатақхана мәселесін шешіп беруге мен қауқарлы емеспін. Ата-аналар қайда бару керектігін, қандай жолы бар екенін де білмеймін", - деді директор.

12-13 жасар оқушыларға пәтер жалдап беріп, жалғыз қалдыруға қорқамыз деген ата-аналар Түркістан облысының әкімінен көмек сұрайды. Тіпті өз өтініштерін жазып, әкімдікке қалдырды.