Облыста таза сумен мүлде қамтамасыз етілмеген 233 елдімекен бар
Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданы Гончаровка ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері таза суға жарымай келеді. Көпшілік тіршілік нәрін Есіл өзенінен тасып тұтынуға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚҰБЫР БАР, СУ ЖОҚ
Гончаровка – Петропавл іргесіндегі елдімекен. Ауылға су құбыры тартылған. Алайда, көпшілік оның игілігін көре алмай келеді. Жауапсыз мердігер құрылыс жұмыстарын соңына жеткізбей тастап кеткен. Оның зардабын қарапайым халық тартып отыр. Басқа амал болмағандықтан суды Есіл өзенінен тасып ішуге мәжбүр. Билік өкілдері өткен жазда жағдай дұрысталатынан айтып ауыл тұрғындарын сендіргенімен, мәселе әлі күнге түбегейлі шешімін таппай келеді.
Денсаулығын қатерге тігіп өзен суын тұтынып отырғандардың бірі Елизавета Анастасьева. Құбырлар іске қосылғанына сеніп, жазда кір жуатын машина сатып алған. Алайда көпшілік қуанышы ұзаққа бармады. Бір айдан кейін су қайта тоқтап қалды. Енді қыруар қаржыға алған техника жарты жылға жуық уақыттан бері шаң басып тұр. Иелері оның игілігін көрер күнді тағатсыздана күтіп жүр.
«Ауылға су береді деген соң ақша төлеп септик қаздыртып, тіршілік нәрін үйге дейін тартқызып алдық. Ыстық судың қондырғысын да орнаттық. Бірақ, қуанышымыз көпке созылмады. Үш аптадан артық уақыт қана су болды. Кейін қайта ажыратып тастады. Енді сатып алған техниканың барлығы қақ басып шіріп жатыр. Екі рет қана пайдаланып үлгердім», - дейді Гончаровка ауылының тұрғыны Елизавета Анастасьева.
ЖОБА САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСҚА АЙНАЛДЫ
Мәселені шешу үшін осыдан бірнеше жыл бұрын Березовка ауылдық окургіне қарасты «Соколовка» топтық су құбырында қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Ол үшін мемлекет қазынасынан қыруар қаржы да бөлінген болатын. Жаз мезгілінде тұрғындарға бір ай су берілген. Алайда, су желісін пайдалануға рұқсат ететін құжат жоқ. Жоба сақалды құрылысқа айналды.
«Қыста көктайғақ. Жазда саз. Бәрі осында шомылады. Суды да осы жерден алып ішеміз. Бұл аймақтың табиғаты әдемі. Облыс орталығынан да демалушылар келеді. Маңайда басқа өзен-көл атымен жоқ. Төрт түлікті де осында суарамыз. Ер адамдар қыста күн сайын суат ойып әлекке түседі. 30-40 градус аязда жағдай тіпті қиындайды. Артынып-тартынып осы жаққа келеміз. Жар өте биік. Көлікпен өте алмаймыз. Шелекпен, бес литрлік пластик ыдыстармен тасимыз. Үйге барған соң тұндырамыз. 3-4 күн тұрғаннан кейін су жасылдана бастайды. Ішуге жарамайтны айтапса да түсінікті. Жазда жаңбыр суын құйып аламыз. Ол да асқа тұтынуға жарамсыз ғой. 3-4 жыл бұрын сараптама жасалған. Мамандар да өзен суын ішуге болмайтынын айтты. Бірақ бізде басқа амал жоқ», - дейді, Гончаровка ауылының тұрғыны Галина Тагильцева.
ОБЛЫСТА 200-ДЕН АСТАМ АУЫЛ ТАЗА СУҒА ЗӘРУ
Өркениет жетпеген ауылда 50 шақты шаңырақ түтін түтетіп отыр. Басым көпшілігі зейнеткер. Олар мәселенің ұзақ жылдан бері шешімін таппай келетініне налыйды. Ауылда кезекшілік тізімі жасалған. Оған сәйкес ер адамдар қыс бойы мұзды ойып, суат жасайды.
«Бұл ауылда негізінен барлық жұмыс аяқталды. Бірақ жауаптылар түрлі сылтау айтып тіршілік нәрін беруге асығар емес. Олар аудан әкімі су ресурстары жөніндегі комитетке арнайы хат жолдады. Енді сол құжаттың жауабын күтеміз», - дейді Берёзовка ауылдық округінің әкімі Аяс Дәуренбеков.
Халық бірнеше рет өз күшімен құдық қазуға әрекет жасаған. Алайда, еш нәтиже шықпапты. Тендерді ұтып алған кәсіпорын басшылығы мәселе келер жылы шешілетініне сендірмек болды.
«Бас мердігермен жұмыстар әлі де жалғасады. Нақтырақ айтсақ, су беру үшін сорғы қондырғылары және қажетті технологиялық жабдықтарды орнату қажет. Мамандар судан сынама алып, химиялық-бактериологиялық талдау жасайды. Содан кейін ғана тұтынушыларға су беріледі», - дейді «Есіл су» кәсіпорны филиалы директорының міндетін атқарушы Никита Забавин.
ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҰЗЫН СУ МАГИСТРАЛІ ТЕРІСКЕЙДЕ ТІРКЕЛГЕН
Облыста таза сумен мүлде қамтамасыз етілмеген 233 елдімекен бар. Көпшілік тіршілік нәрін көрші ауылдардан тасып ішіп отыр.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекетттік бағдарламаларының шеңберінде орталықтандырылған ауыз сумен 402 ауыл қамтамасыз етілді. Мамандар тұрғындардың сапалы ауыз суға қолжетімділігін жыл соңына дейін 83 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа 11 млрд 4 млн теңге бөлінді.
«2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде сумен жабдықтау объектілерін салу және қайта құру бойынша 13 жобаны іске асыру үшін 5,5 млрд теңге бөлінді. Осы жобалар шеңберінде сумен жабдықтаудың 46,2 км таратушы желілерін және 4,1 км су бұру желілерін қайта құру жоспарланған. Ал, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге 4 жоба іске асырылуда. Жобаларды іске асыру шеңберінде 53,7 км сумен жабдықтау желілерін салу, сондай-ақ 30-ға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда», - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов.
Еліміздегі ең ұзын су магистралі Солтүстікте Қазақстанда орналасқан. Ал оның 70 пайызы тозған.