Елімізде жыл басынан бері ұлттық парктер аумағынан 977 тоннадан аса қоқыс шығарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері қоқыс қалдықтарымен күресу аясында 1 863 рейдтік шара өткізілді

Фото ашық дереккөзден

Ұлттық табиғи парктерде орманды ластағаны үшін жеке тұлғаларға тағайындалатын айыппұл көлемі екі есеге артады. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануралар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Экология министрлігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен ұлттық табиғи парктерде туристік қызметті жүзеге асыру ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекске толықтырулар енгзуді ұсынды. Өйткені бүгінде ҚР Үкіметінің қаулысында мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бұзғаны үшін ӘҚБтК-де жауапкершілік көзделмеген.

«Іс жүзінде біз пайдаланушылардың шарттық міндеттемелерді орындамау, көлік тұрақтарының қажетті санымен қамтамасыз етпеу, туристік жолдарды жобаға сай жасамау, жер учаскесін таңдау актісінде көзделмеген жерлерде учаскелер беру, бас жоспарлардың шегінен тыс құрылыс салу сынды жағдайларға тап боламыз. Мұның барлығы мемлекеттік табиғи-қорық және тарихи-мәдени мұра объектілерінің бұзылуына әкеп соғады. Жаңа баптар аталған бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қарастыратын болады», - деді Данияр Тұрғамбаев.

Сонымен қатар, қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес енді заңсыз ағаш кесу, ағаштарды жою, зиян келтіру, ерекше қорғалатын аймақтарды ластау, орман алқабын бүлдіру мәселелеріне қатысты қылмыстық жазаны да күшейту көзделіп отыр. 

«Бұдан бөлек орман шаруашылығы туралы заңды, ерекше қорғалатын аймақтарға қатысты заңды бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға, жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жазаны күшейту мәселесі қарастырылып жатыр. ӘҚБтК-нің 372-бабына сәйкес (Орман фаунасын жою немесе бүлдіру, сондай-ақ орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдiру, ластау және орман қорының жерлерiне өзге де залал келтiру) бүгінде заң бұзған жеке тұлғаға 10 АЕК тағайындалады, бұл көрскеткіш енді 20 АЕК-ке дейін өседі. Егер де бір жылдың ішінде аталған бұзушылық тағы да қайталанса айыппұл сомасы екі еселенеді», - деді Орман шаруашылығы және жануралар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары.

Жыл басынан бері мемлекеттік табиғи ұлттық парктердегі қоқыс қалдықтарымен күресу аясында 1 863 рейдтік шара өткізілді. Оның қорытындысы бойынша 118 құқықбұзушылық анықталды. Осы кезге дейін ұлттық парктер аумағынан жалпы салмағы 977,85 тонна қоқыс шығарылғаны белгілі болды.