Иесіз арал: Барсакелместің бүгінгі көрінісі

Автор: Azattyq Rýhy

Барсакелмес қорығының аумағы 163 126 га жерді құрайды

Фото: Айнұр Шошаева

Әлемде экологиялық аймақта орналасқан жалғыз қорық бар. Ол – Қазақстанның «Барсакелмесі». Теңіз бар кезде «Барсакелмес» арал атанған еді. Ал 1990 жылдары Арал теңізінің суы тартылып, қорық экологиялық дағдарысты бастан кешірді. Жақында жол түсіп, аты аңызға айналған Барсакелмеске барып, жағдайын өз көзімізбен көріп келдік.

Теңіз бар кезде жұрт аралға тек кеме немесе ұшақпен баратын. Қазір тек көлікпен жетуге болады. Жолбасшымыз – Барсакелмес қорығының директоры Зәуреш Әлімбетова тарихы туралы әңгімелеп берді. Қорық үш кластерлік учаскеден тұрады. Олар: Барсакелмес, Қасқақұлан және Сырдарияның Кіші Арал теңізіне құяр сағасынадағы Дельта учаскесі.

«Мұнда 290-нан астам түрлі өсімдік флорасы бар. Мәселен, Борщовтың әсем қыз­ғалдағын, қандым бұталары, сек­сеуіл­дің қалың шоқтары және дала шөптеріне жататын – бұйырғын, жусан, адыраспан, рауғаш, итсигек, сексеуіл секілді сортаң түрлері бар. Бұл жерді жайлайтын сүтқоректілердің бірнешеуі дүниежүзілік «Қызыл кітапқа» енген. Соның бірі – құлан мен қарақұйрық. Сондай-ақ сирек кездесетін улы қалқантұмсық жыланды кездестіруге болады. Мұндай бауыры суық бақанақтың уы медицинаға аса қажет», - деп бастады сөзін қорық басшысы.

Оның айтуынша, 1997-1999 жылдары Бар­са­­келмес арал болудан қалып, тұщы су көздері жоғалды. Судың тұздылығы шектен шыға бастағанда аңдардың тіршілік етуі қиындады. Сол себепті оларды түгелдей басқа жаққа көшіру қажеттілігі туындады. Бастапқыда 250 құлан «Алтын Емел» ұлттық паркіне жіберілсе, тағы бір тобы Маңғыстау маңындағы Үстірт жоталарына көшірілді. Ал қорықтың өз басында алыс жолға жарамайтын, кәрі-құртаң 50 шақты құлан қалған. Оқшау аралдағы ауыз су тапшылығы жануарлардың Қасқақұлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Ахат, Бегімана, Төртқопақ аумақтарына ауып кетуіне мәжбүрлеген. Бүгінде сол қорықта қалған кәрі-құртаң құланнан тараған тұяқтылардың саны 600-ден асады.

«Қазір теңіздің ұлтанымен келе жатырмыз. Кезінде бұл жерден 40 метр биіктікте кемелер жүзген еді» деді жүргізушіміз. Ал қазір кенезесі кеуіп, соры шығып жатыр. Қай жаққа қарасаң да, жарқырап маржан жатқан сияқты. Көліктен түсіп жақындап едік, тұзды топырақта қатып қалған бақалшақтар екен. Күннің сәулесі түскенде маржандай жарқырайды. Өмірімізде бақалшақтың топырақта жатқанын алғаш көргендіктен бе, есіміз шығып суретке түсіре бастадық.

Аралдың тұзы мен топырағы Солтүстік мұзды мұхиттан табылған

Ғалымдар жыл сайын Арал теңізінің құрғаған жерінен жүз мың тоннадан астам тұзды құм көшіп, жақын маңдағы ауыл аймақтарды басып жатыр дейді. Тіпті, бұл жақтың тұзы мен топырағы Памир тауы мен Солтүстік мұзды мұхиттан табылғаны дәлелденген. Оны тоқтатудың бір ғана жолы бар, ол – теңіздің кепкен түбін көгалдандыру.

«Сексеуіл тұзды топырақта тамыр жайып өсе алатын санаулы өсімдіктің бірі. Бір түп сексеуілдің төрт тонна топырақты ұстап тұруға шамасы жетеді. Жол бойы фитогенді төмпешіктерді көрдіңіздер. Көшкен топырақ сексеуілдің түбіне жиналып, төмпешіктерге айналған. Жыл сайын қар енді ери бастағанда тұқым себе бастаймыз. Небәрі 10-15 күннің ішінде отырғызып үлгеруіміз керек. Суаруды қажет етпейді, шөлді жерде өсе беретін энергетикалық әлеуеті мықты ағаш», - деп қосты Зәуреш Әлімбетова.

Жыл сайын отырғызылатын сексеуілдің небәрі 30%-ы ғана жерсінеді және сол аз көрсеткіштің өзі жетістік саналады. Қазір теңіз табанында адам қолымен отырғызылған сексеуілді алқаптар бар. Мәселен, Жапония мен Корея үкіметінің қолдауымен егілген алқаптар бүгін жайқалып өсіп тұр.

«Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Орман шаруашылығы институтында Владимир Семенович Кавелин деген ғалым жұмыс істеді. Аралда ең бірінші сексеуіл отырғызу бойынша эксперимент бастаған сол кісі. Жақында ғана Қасқақұланда соның атына құрмет тақтасын ортану туралы айтқан едім. Ал жаппай сексеуіл егу бертінде, 2005 жылдардан басталды. Жапония мен Корея үкіметінің отырғызған алқаптары шағын пилоттық жобалар. Олардың мақсаты көгалдандыру емес, тек түрлі технологияларды сынап көруді діттейтін ғылыми жұмыс десек болды. Ал теңіздің табанына біз өзіміз «Арал лесхозбен» бірлесіп қолмен отырғызып келеміз», - дейді Зәуреш Жансұлтанқызы.

Таңнан бері 355 шақырым жүріп өтіп Бутаков мүйісіне аялдадық. 1848-1949 жылдары Арал теңізін зерттеу және картаға түсіру үшін экспедицияны бастап келген ғалым Алексей Бутоковтың құрметіне қойылған темір қазықты суретке түсіріп алдық. Кері бұрылып Барсакелмес аралына келдік.

Арал тартыла бастағанда тұщы су көздері де жойылған

Аралдың көрінісі уақыт тоқтап қалғандай, егер сондай мағынаны көздейтін фильм түсірсе, дайын декорация дерсің. Өлі тыныштықты желдің уілі ғана бұзып тұр. Кезінде бұл жерде шағын ауыл: бірнеше үй, кітапхана, жер жыртып егін жинайтын техника, шағын аэропорт болған екен. Қазір қалғаны төрт үй мен тот басқан темір-терсек қана.

Арал тартыла бастағанда тұщы су көздері де жойылған. Қазір бір жұтым су таппайсың. Жұрт аралды тастап үдере көшкенде тек бір адам ғана қалып қойған. Бір кездері балығы тайдай тулап, құстар ән салып, жасыл желегі жайқалған аралды тастап кетуге қимаған болса керек. Жапанда жалғыз қалған ол көп ұзамай өмірден өтеді. Алайда өмірден өткенін жұрт кеш білген. Жаздың аптап ыстығында мүрдесі шіріп, үйін иіс алып кеткен екен. Қорықшылар бұл үйді айналып өтуге тырысады. Әруақ бар деп қорқатын көрінеді. Бұл оқиғаны біз отырған көлік жүргізушісінің әңгімесінен білдік. Осыны естіген соң біз де ол үйді айналып өттік. Аралдың басында 2-3 бейіт қалыпты. Оның бірінде жәндіктерді зерттеген энтомолог Давид Пирулин деген ғалым жерленген. Көзі тірісінде балаларына «Өлсем, сүйегімді «Барсакелмеске» қойыңдар» деп аманаттап кеткен соң, жақындары сүйегін аралдың жеріне тапсырған екен.

Күтім болмаған соң музейлер де ескіріп барады...

«Осыдан он шақты жыл бұрын қорықтың басындағы қалған төрт үйді жөндедік. Оңай болған жоқ. Қаржы табуды айтпағанда, құрылыс материалдарын жеткізудің өзі проблема болды. Тіпті, үйдің терезесіне саламыз деп әкеле жатқан шынылардың барлығы сынып қалған кез де болды. Жөндеуін жөндедік қой. Бірақ адам тұрып, күтім болмаған соң тоз-тозы шығып кетеді. Енді қалған осы төрт үйді музей ретінде сақтап қалуымыз керек. Бұлар аты аңызға айналған «Барсакелмес» аралының бір бөлшегі екенін ұмытпауымыз керек», - деп түйіндеді сөзін Зәуреш Әлімбетова.

Аралдың басында біраз аялдап әр жерді суретке түсіріп жүрген едік. Жолбасшымыз «ерте шықпасақ шаңды боранға тап болып адасуымыз мүмкін» деген соң жолға шықтық.

Бұған дейін Барсакелмес туралы кітаптан небір аңыз әңгіме оқыдық. Алайда көзбен көргеніміз енді ғана. Ал оның әсері тіптен бөлек. Көргеніңді сөзбен суреттеп жеткізудің өзі оңай емес. Бірге барған топ Аралдың тылсым сырларына бір жағынан таңданып, екінші жағынан экологиялық апатқа қалай жол бердік деген ауыр ойдың жетегінде қалдық...

Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асырылатын «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында жасалды.

#ARALissues