Ортақ келісімге келе алмаған тұрғындар екіге бөлінді
Алматы облысы, Кіші Байсерке ауылының жұрты газға қатысты дауды шеше алмай жүр, деп хабарлайды КТК арнасы. Бірі осыған дейін газ тартуды бастаған компанияны жақтаса, екінші жақ мемлекеттік бағдарламамен газ жүргізілгенін қалаймыз дейді.
Әкімдік бұл істі әу баста қолға алған компания техникалық талапқа сай болмай, жұмысын тоқтатқанын алға тартады. Тіпті кеше қаққан қазық пен құбырын алып кетуге келген. Бірақ ақшасын өткізген тұрғындардың бір бөлігі қарсы тұрған. Талғар ауданындағы Кіші Байсерке мен Достық ауылы қоңсылас. Осыдан үш жыл бұрын мұндағы тұрғындардың бір бөлігі жеке компанияға орташа 350 мың теңгеден ақша жинап өткізген. Құбыр тарту бастала сала, жұмыс орта жолдан тоқтаған.
Ауылды алаңдатқан бір мәселе болғанмен, тұрғындар пікірі екіге жарылып тұр. Жұрттың бір бөлігі жеке компанияның қызметі қажет емес, мемлекеттік бағдарламаны күтеміз деп көрпені өзіне қарай тартады.
Қайнар ауылдық округі әкімінің айтуынша, бұрынғы компания жұрттан жинаған ақшасын қайтарған соң ғана құбырын алып кете алады.
«Кеше біз құбырларды алуға тыйым салдық. Өйткені орындауы тиіс міндеттері бар. Негізінен инвестор келгенде алдымен құбыр тартып, сосын бірақ ақша жинауы тиіс. Бұл жағдайда олай болмаған. Тұрғындармен кездесу өткіздік. Осы мәселені бақылауда ұстаймыз», – дейді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаев.
Алматы облысы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жобалық-смета құжаты бюджет қаржысынан дайындалып жатыр. Яғни бұл жақтағы жұмысты байқауда жеңімпаз болған басқа компания жалғастырады. Бір-бірімен текетірескен тұрғындардың пікірі ақыры бір арнада тоғыспады. Бір жақ – бұрынғы компания жұмысын аяқтауын талап етсе, екінші жақ –мемлекеттік бағдарламамен газ жүргізілсін деген талабынан танбады. Қалай дегенмен жұртшылықтың мембағдарламаны күтуден басқа амалы жоқ. Бірақ ол жұмыстың қашан басталып, қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.