Ресеймен шекаралас жатқан Березовка ауылында 400-ге жуық адам тұрады
Тереңкөл ауданына қарасты Березовка ауылдық мектебі салынғалы жөндеу көрмепті. Жарты ғасырдан астам уақыт тұрған ғимарат апатты жағдайда деп танылып, басшылар оқушыларды әкімдіктің бұрынғы ғимаратына көшірген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Былтырғы пандемия уақытында, яғни оқушылар сабақты онлайн оқыған кезде әбден ескірген мектеп бос тұрған да, оқушылар оффлайнға көшкенде аудан басшылары жөндеу жұмыстарын жүргізе бастаған.
«Тереңкөл ауданы Березовка ауылындағы Березовка жалпы орта білім беру мектебі 1968 жылы салынған. Екі қабатты ғимарат. Салынған жылдан бері бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мектепке биыл 53 жыл. Мектеп қабырғасы жарылып, арнайы мамандардың қарауымен апатты мектеп деп танылды. Балаларға қауіпті болғандықтан шұғыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болды. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, конкурсқа берілді», - деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 90 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мектепті жаңалау «SCS Инжиниринг» мердігер мекемесіне жүктелген. Оқушылар ауылдық әкімдіктің бұрынғы ғимаратында қызметкерлермен қатарласа жүріп сабақ оқып жатыр. Баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімдік бұл жерден бірнеше жыл бұрын көшіп, орнына мәдениет бөліміне қатысты мамандар жайғасқан. Мектеп апатты деп танылғандықтан оқушылар да осында көшкен. Ресеймен шекаралас жатқан Березовка ауылында 400-ге жуық адам тұрады. Оңтүстік өңірден қоныс аударған отбасыларының арқасында оқушылар саны да жыл сайын артып келеді екен.
«Күрделі жөндеу жұмысы 15 тамыздан басталды. Балалардың ауылдық мәдениет үйі ғимаратында оқытылуы жөнінде алдын ала ата-аналармен келісіліп, олармен кездесу өткізілді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ғимаратта 11 кабинет бар. Бүгінгі күні бала саны 60-қа жетті. Оқушылар санының өсуіне себеп Березовка ауылына оңтүстік өңірден 6 отбасы қоныс аударды. Ондағы бала саны – 18. Биылғы оқу жылында 1 сыныпқа 3 бала қабылданды», - деді Тереңкөл аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ж.Билялова.
Жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталса оқушылар алдағы айда от жағып, көмірмен жылытып отырған әкімдіктің бұрынғы ғимаратын босатып, мектепке көшпек.
Әмірболат Құсайынұлы, Павлодар облысы