Өйткені олардың басқа паналайтын жері жоқ
Бір түнде үйінен айрылған отбасыларға жаны ашыған оралдықтар жылу жинауға кіріскен. Алайда күлге айналған ағаш үйді аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтіру мүмкін емес, деп хабарлайды Астана арнасы.
Тұрғындардың айтуынша, өрт кешкі сағат жетіде шыққан. Қызыл жалыннан үрейі ұшқан олар дереу құжаттары мен құнды заттарын алып, бас сауғалапты.
Осыдан 126 жыл бұрын салынған үйдің әлі мығым екендігіне көзі жеткен тұрғындар былтыр несие алып, пәтерін күрделі жөндепті. Енді осының бәрі күлге айналды. Ал мойнындағы борышты банк кешіре қоймайды.
«Өмір бойы тірнектеп жинағанымызды осы үйге жұмсадық. Бәрі бір сәтте өртеніп кетті. Қымбат жиһаз, тұрмыстық техниканың күлі ғана қалды. Түнде сығылысып көлікте қондық. Басқа баратын жеріміз жоқ. Бүгін де көлікте қонатын шығармыз», - дейді өртенген үйдің тұрғыны Людмила Якушина.
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды екі сағаттың ішінде өшірген. Адам шығыны жоқ. Ал бүлінген мүліктің есебі әлі анықталмапты. Төтеншеліктер өрттен келген шығынның көлемі анықталған соң ғана тұрғындарға көмек көрсетілуі мүмкін дейді. Ал оған дейін алты отбасының ендігі баспанасы көлік болмақ.