Тұрғындар таң атпастан облыс әкімдігін аяқтан тұрғызды
Атырауда коммуналдық мәселелерден мезі болған, жаңа үйдің тұрғындары бүгін облыс әкімдігімен кездеспек болып жұмыс орнына іздеп барды, деп хабарлайды Астана арнасы. Айтуларынша, пайдалануға 4 жыл да болмаған су жаңа үй апаттың аз-ақ алдында тұр. Базынасын айта келген тұрғындарға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов шыққан жоқ. Дегенмен, Нұрсая ықшам ауданы тұрғындарының айқайы тиісті мамандарды аяқтан тік тұрғызды. Тұрғындар 2017 жылдың қарашасында пайдалануға берілген жаңа үйдің жыртығын жамап шаршаған. Шұрық тесік шатырдан қар мен жаңбыр суы сорғалап, жертөлеге толған ыстық судың салдарынан үй қабырғасы жарылып жатыр деп ашулы.
«Бұл үйді қабылдап алған адам қайда қарап алды? Көзді жұмып алды ма? Бұл малға беретін қора емес, адам тұратын үй ғой. Кіргенімізге 3 жыл болмады, көрмеген қорлығымыз жоқ», – дейді Атырау қаласының тұрғыны Айсұлу Қалыбекова.
Ашулы топ мәселені шешуге асықпаған шенділермен сөйлеспейміз деп, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің шығуын талап етті. Алайда облыс әкімі халықпен кездескен жоқ. Оның орнына орынбасары Қайрат Бекенов қабылдап, кейін шулы үйді өз көзімен көруге барды. 45 пәтерлік үйді айнала қарап шыққан орынбасардың айтқаны аз. Тұрғындардың ұсынысымен үйге толықтай техникалық зерттеу жүргізілетін болды.