Алаяқ компаниядан автокөлігін ала алмаған азамат өз-өзіне қол жұмсады
Ол – 26 жастағы Шымкент тұрғыны
Еліміздің 150 азаматын сан соқтырған Mega general company деген атпен құрылған алаяқ компания салымшыны суицидке жеткізді. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлайды.
Компания салымшыларға нарықтан 2 есе төмен бағаға автокөлік ұсынған. Олар адамдарға 45 күн ішінде банктерде кепілде тұрған автокөліктерді алып беруге уәде беріп, төлемақыны алдын ала иемденіп отырған. Қаражат қолдарына тиген соң хабар-ошарсыз кететін болған.
Тұтынушылардың сеніміне ие болу үшін алғашқы 14 адамға автокөлік мінгізіпті. Қалған клиенттердің барлығы жер сипап қалды.
«Келімсімге қол қойғаннан кейін олар маған мен қалаған автокөліктің суреттерін жолдап тұрды. Автокөлікті 2 аптада алып беретіндерін айтты. Алаяқтарға 5 млн теңге бердім», – дейді сан соғып қалған Демьян Ильин.