Полиция мұғалімнің соққыға жығылғаны туралы қауесетке қатысты пікір білдірді

"Ерлі-зайыптылар арасындағы әңгіме балалар жоқ кезде болған"

Фото ашық дереккөзден

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағандыдағы есту қабілеті нашар балаларға арналған интернатта мұғалімнің соққыға жығылғаны туралы жазылған еді. Ақпаратқа сенсек, сол мектепте қызмет ететін мұғалімнің күйеуі интернатқа артқы есік арқылы кіріп, әйеліне қол көтерген. Сондай-ақ желіде азаматтың «вахаббист» екендігі айтылады.

«Біздің балаларымызға қауіп төніп тұр. Ал егер ол террорист болса қайтер едік? Ол мектепке екі рет кірген. Мұғалімдер тіпті полиция да шақырмаған. Бәрін жасырғысы келеді. Бейнежазбаларда бәрі бар», делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері ақпараттың ақ-қарасын анықтау үшін арнайы жұмыс тобын құрды.

«Жұмыс тобы 14 қазан күні 3-ші мектеп-интернатта аталған оқиғаның орын алғанын анықтады. 25 жастағы ер азамат сол оқу ордасында қызмет ететін әйелімен өзара кикілжіңдерін талқылау үшін келген. Ерлі-зайыптылар арасындағы әңгіме балалар жоқ кезде болған. Сондай-ақ ол азаматтың ешқандай діни ұйымға қатысы жоқ екені анықталды. Аталған дерек Қарағанды қалалық ПБ Киров аудандық бөлімінде тіркелген», - дейді Қарағанды облысының полиция басқармасындағылар.

Оның үстіне, өңірдің Білім басқармасы аталған іске қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуде. Іс нәтижесіне қарай шешім шығарылатын болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.