Атырауда бір топ ата-ана дәстүрлі оқыту форматына көшуге қарсы шықты

Олар балалардың мектепке баруына неге қарсы екендігін түсіндірді

Атырауда бір топ ата-ана дәстүрлі оқыту форматына көшуге қарсы шықты
фото: azh.kz

31 тамызда балаларды мектептерде дәстүрлі оқыту форматына қарсы шыққан бір топ ата-ана қалалық білім беру бөлімі ғимаратының жанына жиналды, деп хабарлайды azh.kz.

Ата-аналар жиналған кезде бөлім басшысы да, орынбасары да, мамандар да кеңседе болмай шықты. Хатшының айтуынша, олардың бәрі осы мәселеге байланысты ата-аналармен жиналыс өтіп жатқан мектептерге кеткен. Хатшы митинг туралы телефон арқылы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангерееваға хабарлап, ол 20 минуттан кейін келді. Бұл кезде ата-аналар өздерінің петицияларына қол жинап, балалардың мектепке баруына неге қарсы екендігін түсіндірді:

«Біріншіден, балалар сабаққа автобуспен, таксимен немесе жаяу барады, ал олар жолда жұқтыруы мүмкін. Екіншіден, басқа отбасының балалары инфекцияны мектепке әкелуі мүмкін. Ересектер үйлерінде ауырып, қалған отбасы мүшелеріне үйден шығуға және жұмыс істеуге тыйым салынатындықтан байланыста болғандар қатарына кірмеу үшін емханаларға да хабарламайды. Үшіншіден, білім беру саласы қызметкерлерінің арасында өздеріне екпе төлқұжатын сатып алғандар болуы мүмкін. Біз «қызыл» аймақтамыз, емханалар онлайн режимінде жұмыс істейді, бірақ балаларды не үшін екені белгісіз, офлайн режимінде оқытуды ұйғарды. Былтыр ауру жұқтырғандар аз болды, бірақ балалар үйде оқыды. Биыл ауру жұқтырғандар көбейіп жатыр, ал балаларды мектепке жіберу қисынды ма?».

Петицияға қаланың түрлі мектебіндегі балалардың ата-аналары қол қойған. Кейбіреулер өз оқу орындарына балаларын қашықтан оқытуды жалғастыру өтініштерін жазып үлгерген. Олар мұны алдағы уақытта әлеуметтік қызметтер балаларын мектепке жібермейтін ата-аналарды өз міндеттерін орындамады деп айыптамас үшін жасаған. Кейбір мектеп бұл өтініштерді тіпті қабылдамаған, ал кейбірі қабылдап, бірақ бұл мәселені қалалық білім беру бөлімімен шешу керек деп қол қоймаған.

Айта кету керек, қатысқандардың арасында дәстүрлі оқыту форматына ғана емес, балаларға вакцина егу мен Ashyq жүйесін енгізуге қарсы шыққандар да болды. Өйткені бұл жүйені қолдану вакцина алмаған азаматтардың құқығына нұқсан келтіретінін айтады.

Олар басқа облыстарда ата-аналардың өтініші бойынша балаларға онлайн режимінде оқуға рұқсат берілгенін айтты.

«Неге ата-аналарды мектепке кіргізбейді? Балаларымызға еркімізден тыс екпе салса ше? Мен бұрын қызыма Манту сынамасын ектіруге қарсы екенім туралы өтініш жазғанмын, бірақ соған қарамастан екпе салды», - дейді ата-аналардың бірі. 

«ЕКІ РЕЖИМ ҚОЛДАНЫЛМАЙДЫ»

Фаруза Шангереева жиналғандардың сұрақтарына жауап бере отырып, дәстүрлі форматқа оралу туралы шешімді ҚР Бас санитар дәрігерінің қаулысы негізінде Білім министрлігі қабылдағанын мәлімдеді. Демек, бұл еш жерде басқаша болуы мүмкін емес дегенді білдіреді. Ол мектептерде балалардың қауіпсіздігі үшін барлық сақтық шаралары қаралғанына, қызметкерлердің көпшілігі вакцина алғанына сендірді. Вакцинация алмағандар апта сайын ПТР сынамасын тапсырады. Оның айтуынша, мектептерде онлайн және офлайн режимінде бөлек сабақ оқытуға еш мүмкіндік жоқ. Қазіргі уақытта 300-ден астам мұғалім жетіспейді. Ф.Шангереева балалар инфекция тасымалдаушы бола алмайды деп сендірді. Ата-аналар оның вирусолог дәрігер еместігін, олай растай алмайтынын айтты.

Осы уақыт бойы қалалық білім беру бөлімі қақпасының алдында полицейлер кезекшілікте тұрды. Бірақ олар диалогқа араласпады және ата-аналарды аумақтан шығаруға әрекет жасамады. Кездесу ұзақ әрі екпінді өтті, бірақ нәтиже шықпады: Шангереева оқыту форматы туралы шешімді санэпидемиологиялық қызметтің қабылдайтынын айтты. Ал өз шешімдерінен қайтпаған ата-аналар мұндай жағдайда балаларын мектепке жібермейміз деп мәлімдеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.