Түркістан облысының әкімдігі саманнан жасалған мектептер мен даладағы дәретхана мәселесін қалай шешетінін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда балалардың жалпы санының 15 пайызы – Түркістан облысының тұрғыны

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысының Білім басқармасы өңірдегі қордаланған мәселелерді қалай шешетінін айтты. «2021-2025 жылдарға арналған Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының» аясында өңірдегі білім беру сапасын жақсарту мақсатында қабылданатын іс-шаралар бірқатар бағытты қамтиды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда балалардың жалпы санының 15 пайызы Түркістан облысында тұрады. Облыс әкімдігі берген ресми мәлімет бойынша, бүгінгі таңда өңірде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың балабақшалармен қамту деңгейі төмен. Бұл көрсеткіш 75 пайызды құрайды.

«Мұнымен қоса, Түркістан облысындағы мектептердің 211-і бейімделмеген ғимараттарда орналасса, 52 мектеп саманнан жасалған. Ал, 68 мектептің дәретханасы әлі де мектептен тыс орналасқан. Білім сапасына қатысты көрсеткіштер де көңіл көншітерлік емес. Халықаралық «PISA» талдауының нәтижелері бойынша аталмыш аймақтың оқушылары ең төмен нәтиже көрсететін өңірлердің қатарында. Сонымен қатар, өңірде колледждерге оқуға түсу үшін бөлінетін гранттар саны жеткіліксіз. Осы тұста облыста «2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда» мемлекеттік бағдарламада көрсетілген кемшіліктерді жою бойынша бірқатар шаралар қарастырылды», - делінген облыс әкімдігінің ресми мәліметінде.

БАЛАЛАРДЫ БАЛАБАҚШАЛАРМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ АРТАДЫ

2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызды құрамақ. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, бұған қоса, тәрбие мен оқытудың жаңа моделі – воучерлік қаржыландыру және оқытуды ұйымдастырудың баламалы нысандары толығымен енгізіледі деп жоспарланып отыр.

2021 жылы Түркістан облысында балабақшаларда қосымша 4 мың орын ашылады деп күтілуде.

ӨҢІРДЕ ЖАҢА МЕКТЕПТЕР БОЙ КӨТЕРЕДІ

«Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа жоспары аясында, 2025 жылға дейін аймақта 130 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Дарынды балаларды қолдау мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебі мен 700 орынға арналған «Дарын» мамандандырылған мектебін салу қарастырылған. Басқа да мектептердің әлеуетін дамыту үшін облыстың 540 мектебін жаңғырту жұмыстары да жүргізіледі», - деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.

Оның ішінде, өңірде биыл 78 мектептің құрылысы басталып, әлі жүргізіліп жатыр. Олардың 44-і жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

КОЛЛЕДЖДЕРДЕ ГРАНТТАР САНЫ АРТАДЫ

Түркістан облысы әкімдігі берген ақпаратқа сәйкес, кәсіптік және техникалық білім беру аясында барлық жастарға қажетті мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқуға мүмкіндіктер беріледі. Ол үшін гранттар санын ұлғайту жоспарлануда.

«Жас маман» жобасы аясында 9 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарланған. 4 құзірет орталығы құрылып, жаңадан жұмыс істейтін болады», - дейді әкімдік.

КЕШЕНДІ ЖОСПАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА 3 ТРЛН 600 МЛРД ТГ ЖҰМСАЛМАҚ

Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында академиялық шеберлік орталықтары құрылады деп жоспарланған. Жоба зерттеу экожүйесін қалыптастыруға, инновациялық зертханаларды құруға, оқыту және ғылыми зерттеулерін жүргізу үшін инфрақұрылымды дамытуға бағытталатын болады.

Айта кетерлігі, «Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын» іске асыруға 3 трлн 600 млрд теңге жұмсалмақ.

Кешенді жоспардың аясында мұнай өңдеу зауытының, химиялық кешеннің және тұрмыстық техниканы өндіретін зауыттың құрылысы қарастырылған. Мұнымен қоса, 2025 жылға дейін Түркістан облысының айналасында азық-түлік белдеуі салынатын болады.

«Облыс орталығы мен бірқатар ауданда денсаулық сақтау нысандары, қонақ үйлер мен туристерге арналған орталықтар бой көтереді деп күтілуде. Ал ауылдық елдімекендерде сумен қамту және су тарту жүйелері жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес тарихи нысандар қалпына келтіріледі. 23 мың жалға берілетін пәтер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, өңірде көліктерге жоғары жылдамдықта жүруге мүмкіндік беретін «Түркістан – Шымкент – Ташкент» теміржол магистралі пайда болмақ», - деп хабарлады облыс әкімдігі.  

Тұтастай алғанда, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары 142 іс-шарадан тұрады.