Жамбыл облысындағы жарылыстан із-түзсіз жоғалған жігітті үйінде төрт баласы күтіп отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға болған күні ол ұлының сүндет тойын жасамақ болған

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан 13 адамның қаза тапқаны белгілі. Тағы үш адам із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Солардың бірі – Бауыржан Дәуітбаев. Әскери қызметкерді үйінде әйелі мен төрт баласы күтіп отыр деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Сарбаздың келіншегінің аяғы бесінші балаға ауыр.

Оқиға болған күні Бауыржан Дәуітбаев баласының мұсылман болғанын атап өту үшін жұмыстан сұранып кеткен екен. Алайда, жарылыстан жарты сағат бұрын әріптестері оны шұғыл жұмысқа шақыртып алған.

«Күйеуімнің көлігі әскери бөлімнің жанынан табылды. Машинасының артқы терезесі сынған. Күйеуім жоқ, үшінші күн болды жоғалғанына. Алғашында жараланып ауруханаға алып кеткен деген соң ол жақтан іздеп, жараланғандардың арасынан таппадық. Біреулер әскери госпитальға жібердік деді, ол жақта да жоқ. Қайынатам шыдай алмай жарылыс болған жерге атпен барды, Бауыржан жоқ. Жарылыстан әскери КАМАЗ жерге кіріп кеткен, соның ішінде болуы мүмкін дейді. Ол техниканы неге әлі күнге көмілген жерінен шығармағаны түсініксіз. Үш күннен бері не өлі, не тірі екенін білмей отырмыз. Осы ауылдан тағы бір жігіт жоғалған» - деді Бауыржан Дәуітбаевтың әйелі Дильназ Данаева. 


Дильназ Данаева

Бауыржан 34 жаста. Әскери бөлімде 2013 жылдан бастап келісімшарт негізінде жұмыс істеп келеді. Үш ұл, бір қыздың әкесі.

«Тұңғышымыз 13 жаста, кенжеміз үште. Соның сүндет тойына қонақтарды шақырып, жиын жасап жатқан едік. Жарылыстан жарты сағат бұрын шұғыл шақыртты. Үйдегі қонақтарды тастап, қазір келем деп асығыс кеткен. Бесінші балама аяғым ауыр. Балалары міне, әкелерін жәутеңдеп күтіп жүр. Бұрын Таразда жұмыс істеп, осында ауысып кеген еді», - деді Д.Данаева.


Бауыржан Дәуітбаев кіші ұлымен

Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімінің қоймасы Тараз қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан. ТЖМ ақпаратынша өрт қойма ғимаратына толық жайылып, жарылыстан фрагменттердің ұшу радиусы 2 км-ге дейін жеткен. Алдын-ала мәліметтер бойынша. қоймада 500 тоннадан астам тротил жарылған. Оқыс оқиға болған жердің маңында 3 елдімекен орналасқан, Жібек жолы кенті – 3 км (378 тұрғын), Үшбұлақ станциясы – 8 км (216 тұрғын) және Ботамойнақ – 10 км (492 тұрғын). Ауылдардағы халықтың жалпы саны шамамен 1,1 мың адам.

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жоғалған үш адамды іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын хабарлады. Журналистердің сұрағына жауап берген министр Ермекбаев жарылыстан қаза тапқан әр қызметкерді мемлекеттік наградаға ұсынып, артында қалған отбасының әрқайсысына заң бойынша 20 млн теңгеден өтемақы төленетін айтты.

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы