Ерлі-зайыптылар сотта жеңіліп қалған болатын
Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Тәшенова белсенді Жанболат Мамай мен әйелі Инга Иманбайды кездесуге шақырды. Ол белсенділердің сотқа ұсынған 2 мың беттік дәлелін тікелей эфирде отырып талдамақ. Кездесуге өзге де қоғам белсенділері, заңгерлер шақырылады. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Еске салайық, Жанболат Мамай мен Инга Иманбай биыл көктемде Бауыржан Байбекті «жемқор» деп айыптап, бірнеше видеоролик жариялаған болатын. Артынша Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары ерлі-зайыптыны сотқа беріп, өзінің ар-намысы мен беделін заң аясында қорғайтынын мәлімдеген. Сотта Мамай да, әйелі де жеңілді. Артынша өткен апелляциялық сот та бірінші инстанцияның шешімін күшінде қалдырды.
Сот процесінде Жанболат Мамай мен Инга Иманбай өз сөзіне дәлел ретінде 2 мың бетке жуық «құжат» өткізген еді. Алайда, Байбектің заңгері Айжан Тәшенова бұл «құжаттарды» макулатура деп атады. Өйткені, оның ішінде бірде-бір ресми құжат жоқ екен. Ал, ерлі-зайыптылар «сот әділетсіз шешім шығарды» деп әлі мәлімдеп келеді.
Осыған байланысты Айжан Тәшенова Мамай мен Иманбайды өзінің елордадағы кеңсесіне шақырды. Ол аталған 2 мың беттік құжаттарды ел алдында талдауға ұсыныс жасады. Сондай-ақ, бұл кездесуге А.Тәшенова заңгер Бақытжан Базарбекті де шақырып отыр. Өйткені, Мамай мен Иманбай сотта осы сарапшының жарыққа әлі шықпаған сараптамасына сүйенген.
Тараптар келіссе кездесу 31 тамызда сағат 12:00-де өтеді.