СҚО-да жем-шөптің бағасы шарықтап кетті: шаруалар малды жаппай соямыз деп отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті әкімдік бұл жайттан хабарсыз болып шықты

Фото ашық дереккөзден

Қызылжарда жем-шөптің бағасы шарықтап кетті. Былтыр ауыл тұрғындары мал азығының бір тоннасын 10 мың теңгеден алса, биыл оның құны бірнеше есе қымбаттаған деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Шаруалар қысқа қам жасау үшін қомақты қаржы керек деп отыр. Солардың бірі – Покровка ауылының тұрғыны Наталья Фабер. Ол малдың өз құны жем-шөптен арзан болғандықтан оны сата алмай жатқанын айтады.

«Бұл малды ешкім алмайды. Себебі, өзіндік құны тым қымбатқа шығады. Мен оның жемін пісіріп бердім. Қаншама еңбегім зая кетті. Енді союға тура келеді. Біз шөпті сатып алуға мәжбүрмыз. Өзіміз қырда шауып алайын десек, техника жоқ. Оған кемінде 3 миллион теңге ақша керек», - дейді Наталья Фабер.

Покровка ауылдық округінде мал азығын әзірлеумен 6 кәсіпкер айналысады. Олардың шөп бағасын қымбаттатып жібергенінен шенеуніктер бейхабар екенін жеткізді. Жергілікті әкімдік кәсіпкерлерге теңдерді 5 мыңнан сатуды тапсырған екен. Бірақ екінші тарап биліктің сөзіне құлақ аспаған көрінеді.

«Бізде шөп 12 мыңнан сатылып жатқан жоқ. Кеше ғана мен Покровка ауылында болып, кәсіпкерлермен кездестім. Олар шөптің бір теңін 5-8 мыңнан сатып отыр. Біз ақылдаса келе, оның құнын 5 мыңға дейін төмендетуді жөн көрдік», - дейді Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов.

Тығырыққа тірелген халық амалсыздан қолында бар түлігін союды көздеп отыр. Басқа жол жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шөп дайындауға қатысты жедел штаб құрғандарын хабарлады. Соның негізінде билік пен кәсіпкерлер арасында бағаны тұрақтандыру жөнінде меморандумға қол қойылған. Бірақ бұл келісімнен де нәтиже шықпай тұр.

Тегтер: