Бұрын мұнда 7 мың адам жұмыс істеген
Өскемендегі машина құрастыру зауытының 400-ге жуық жұмысшысы 2 айдан бері еңбек ақысын ала алмай келеді. Жұмысшыларға төленбеген берешек 60 миллион теңгеге жеткен деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Шыдамы таусылған жұмысшылар зауыттың алдына кезекті мәрте жиналды.
Жұмысшыларға жалақының уақытылы берілмеуі алғаш рет болып тұрған жайт емес. Бұған дейін де басшылықтан ақша ала алмаған ұжым бірнеше рет бас көтерген екен. Олардың айтуынша, басшылық компанияны банкрот деп жарияламақшы. Енді жұмысшылар жұмыссыз қаламыз ба деп қауіптенеді.
«Біздің басшылық зауытты қолдан банкротқа ұшырата ма деп қауіптенеміз. Басшылық зауыт жұмысын тығырыққа тірегісі келгенімен, мемлекет бұған мүмкіндік бермей отырған сияқты. Жұмысшыларға жалақы бермеуі де содан болуы керек. Бізде қазір бір сұрақ бар, біз жарты жалақы алып отырған кезде біздің басшылық неге толық жалақы алып отыр? Олар біз секілді 30-40 мың теңге алмайды, олардың жалақысы біздікінен екі есе көп», - дейді 8-цех жұмысшы Елизаветта Колотовченкова.
Мамыр айынан бері мазасы қашқан жұмысшылар әлеуметтік төлемнен қағылып, маңдай тер еңбекақысына қол жеткізе алмай отыр. Төленбеген берешек 60 миллион теңгеге жеткен. Ал жұмысшылардың орташа жалақысы небәрі 80 мың теңгені құрайды. Бірақ қазір еңбек ұжымы сол ақшаға зар болып отыр.
«Электр жарығына, ыстық-суық суымыздың қарызы жиналып қалды. Үш айда 25 мың теңге берді. Оны қайда жеткіземіз?! Банк несие қарызын төле деп қысып жатыр. Қазір бәріміз жұмыссыз отырмыз. Жаңа бастықтар жаңа жылдың алдында тағайындалған. Содан бері құр уәдемен ауыз сүртіп келеді. Бәрінің ертеңі таусылмайды. Кезінде 7 мың адам істеген. Қазір жұмыс жоқ. Жұмыс сұрасақ, ертең аламыз материалды деп ертеңмен сендіріп келеді, - дейді зауыт жұмысшысы Талғат Жалынбаев.
Бір кездері жұмысы қызып тұрған цех қазір қаңырап бос тұр. Мұнда құрылғылар қаңтарылып, ғимарат іші құлазып тұр. Зауыт былтыр жеке меншік қарамағына өткен. Әзірге бұл да еш өзгеріс әкелмеді. Ұжымның басым бөлігі мәжбүрлі еңбек демалысына кеткен.
«Дүркіреген «Востокмашзавод» өз заманында 7 мың адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы еді. Бүгінде небәрі 400 қызметкер қалды. Өте аянышты халге түсті. Ертең сол 400 жұмысшы да қалмайтын сияқты», - дейді жұмысшы Алмасбек Қалибек.
Зауыттың бас директоры наразылыққа шыққан ұжымға келмеді. Azattyq Ruhy тілшісі онымен тек телефонмен тілдесті. Ол тапсырыстың жоғынан осындай күйге түскенін айтып ақталды. Түсінгеніміз, зауыт басшыларында дағдарыстан шығудың жоспары да, жөн-жосығы да жоқ.
Дәл қазір мұнда кейбір цехтың қабырғасы сөгіліп, төбесінен су ағып тұр, инфрақұрылым тозып біткен. Оны жаңғыртуға қаражат жоқ.
«Ғимараттың жөндеу көрмегеніне біраз болды. Бір күні қирап қалса да таң қалмаймын. Басшылық бәрін біледі. Бірақ істеуге ниеті жоқ. Әйтпесе осы жер бірнеше жыл бұрын ғана дүркіріеп тұрған цех болған», - дейді жұмысшылар.
Облыстық еңбек инспекциясы болса бұл мәселені бақылауда ұстап отырғандарын айтады. Жуырда зауытқа тексеру жүргізіп, басшылыққа нақты талап қоюға уәде берді.
«Біз бұл жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. ВостокМАШ зауытының жұмыс берушісінің жалақы төлемдері бойынша қарызы бар екендігін білеміз. 366 жқмысшыға мамыр және маусым айларына 60 млн теңге жалақы беруі керек. Қазіргі уақытта бізге 300-ден аса адам жазбаша арыз түсірді. Ертеңнен бастап біз бұл жерде тексерісті бастаймыз. Тексеріс нәтижесі бойынша нұсқама береміз. Біз берген мерзім бойынша орындалмаған болса, онда сот орындаушысына тапсырып, жұмысшылардың еңбек ақы берешегі өндіріледі», - дейді Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров.
Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы