Қазақстанда бірінші рет «кеңірдек стенозына» операция жасалды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған ота еліміздің өзге өңірлерінде әзірге жасалмайды

Exclusive.kz

Коронавирус адам ағзасындағы кез келген ауруды қоздыруы мүмкін. Науқас инфекциядан құтылғанымен, оның арты өзге аурудың пайда болуына әкеп соғады. Жуырда ғана Елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығының мамандары КВИ-ден кейін кеңірдек стенозына (трахея) шалдыққан науқасқа күрделі операция жасап, отандық медицинаның даму қарқынына үлесін қосты.

59 жастағы Жаннат Мадировқа дәрігерлер 2020 жылдың қыркүйегінде трахея стенозы диагнозын қойған. Стеноз ковидті пневмония кезінде трахеяның ұзақ интубациясы нәтижесінде пайда болған. Науқастың айтуынша, ол коронавирус инфекциясын жұқтырып, артынша жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан екен.

«Былтыр коронавирус жұқтырып алғаннан кейін пневмония болып ауырып қалдым. Өкпемнің 90 пайызы зақымданды. Екі апта бойы жансақтау бөлімінде жаттым, мені ИВЛ аппаратына қосты. Дәрігерлердің көмегімен бір айдан кейін қалыпты өміріме келе бастадым. Өзім тыныс алып, сатурациям ретке келді. Бірақ тыныс алуым сәл ауырлау болып, ентігіп жүрдім. ЛОР дәрігерге көрінгенімде ол маған трахея стенозы диагнозын қойып, соның салдарынан тыныс алу қиын болып жатқанын айтты», - дейді Жаннат Мадиров.

Ер кісі бірден кәсіби мамандардың көмегіне жүгінуді көздеп, Елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлеріне көрінген.

«Содан «трахея стенозы» диагнозын емдеу жолында тағы да жансақтау бөліміне түстім. Ұлттық ғылыми медициналық орталығының хирургы Жаркеев Қайрат Сарманұлы маған операция жасап, трахеяға түтік (трубка) қойып берді. Сол түтікпен мен 9 ай жүрдім. Ай сайын дәрігердің қарауына келіп тұрдым. Яғни әрбір 30 күн сайын түтікті алып, тазартып отырады. Ал кеңірдекте пайда болған тыртықты күйдіреді. Өкінішке қарай, түтікті алып тастағаннан кейін де оның пайда болуы тоқтамады. Содан соң дәрігерім маған күрделі операция жасады. Отадан кейін өзімді өте жақсы сезініп жүрмін. Тыныс алуым жеңілдеді. Осы орталықта жұмыс істейтін барлық дәрігерге үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді Жаннат Мадиров.

Трахея стенозы – бұл тыныс жолының тарылуы. Патологиялық процесс кезінде қалыпты кеңірдектің қабырғаларында тыртық пайда болады. Міне соның салдарынан адамның тынысы тарылып, дем алуы қиындай түседі.

Мамандардың айтуынша, трахеяның тыртықты стенозын емдеу күрделі процесс және жеке тәсілді қажет етеді. Оның ең тиімді әдісі – науқасқа операция жасау. Осылайша, Ұлттық ғылыми медициналық орталығының торакалды хирургтары Жаннат Мадировтың ағзасындағы ауру ошағының бір бөлігін алып тастап, кеңірдек қабырғаларын бір-біріне тігу арқылы операция жасады. Бұл күрделі жоғары технологиялық ота кеңірдектің қалыпты саңылауын қалпына келтіруге және науқасты стенттер мен түтікке тәуелді болудан құтқаратын бірегей тәсіл.

Жаннат Мадировқа жасалған операция 5 сағатқа созылған. Оны клиниканың білікті дәрігері, торакалды хирургі Жаркеев Қайрат жасады.

Айта кету, мұндай операция Ұлттық ғылыми медициналық орталығында алғаш рет өткізілген. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша әзірге өзге өңірлерде жасалған емес.

«Стенозды емдеудің негізгі әдісі трахеяның циркулярлы резекциясы болып тұр. Яғни, операцияда зақымдалған трахея сегментін алып тастап, анастомоз орнатып, трахея тұтастығы қалпына келтіріледі. Операцияның күрделілігі оның орындалуымен ғана шектелмейді, сонымен қатар операциядан кейін науқасқа ерекше күтім қажет. Яғни оған нақты ережелерді түсіндіріп, қадағалау керек. Тек содан кейін ғана науқас қанағаттанарлық өмір сүре бастайды», - дейді Ұлттық ғылыми медициналық орталығының торакалды хирургі Шыңғыс Төлеутаев.

Аталған ауру түрі елімізде кең етек жаймаса да, дертті дер кезінде емдемесе оның арты өліммен аяқталуы мүмкін.

«Көбіне эндотрахеалды немесе трахеостомиялық түтіктің манжетасының қысымы салдарынан трахея қабырғаларындағы тамырлар зақымданып, «трофика» нашарлайды, сондақтан сол жерде қабыну пайда болып, тыртық пайда болады. Өкпеге жеткілікті көлемде ауа жетпегендіктен, бүкіл ағза оттегі  тапшылығына ұшырайды. Науқастың жағдайы күрт нашарлауы мүмкін, сол кезде дәрігер тез шешім қабылдауы тиіс. Өйткені аурудың одан әрі дамуы соған байланысты. Дер кезінде көмек көрсетілмесе науқас өліп кетуі мүмкін», - дейді дәрігер.

Бүгінде отандық медицинада заманауи технологиялардың саны да көп, сапасы да жоғары. Ауыр патологиясы бар науқастарды оңалту мүмкіндіктері артып келеді. Бірақ өкінішке қарай, трахея стенозы бар адамдардың саны соңғы онжылдықта бірнеше есеге өскен екен. Бір қуантарлығы - қазақстандықтар аталған операция түрін МӘМС аясында тегін жасата алады.

Әлем әлі де коронавирус инфекциясымен күресіп келеді. Бұл ретте отандық дәрігерлер барша қазақстандықтарды вакцина алдыруға шақырады.

«Пневмония салдары әртүрлі дәрежедегі өкпе фиброзына әкеп соғуы мүмкін. КВИ ағзадағы кез келген ауруды қоздыра алады. Адам ағзасы біртұтас, сондықтан барлық жүйелер әртүрлі дәрежеде зақымданады. Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін ұмытпаңыздар», - дейді Шыңғыс Төлеутаев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Тегтер: