$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.07.2021, 09:08
Қоғам

«Ақшаны ол судьяға беретінін айтты»: Петропавлда шенді прокурор пара алды деген күдікпен ұсталды

Судьяның үстінен де қызметтік тексеру басталған

«Ақшаны ол судьяға беретінін айтты»: Петропавлда шенді прокурор пара алды деген күдікпен ұсталды
Фотода Виталий Никитин

Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Дәурен Сағындықовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол алаяқтық жасап, ақша бопсалағаны үшін сотталған Виталий Никитиннен пара алды деген күдікке ілікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Виталий Никитин әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, ел Президенті мен Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің басшылығынан араша сұрады. Айтуынша өзіне қатысты сот ісі әділ жүрмеген.

«Менен шын мәнінде болмаған қылмыстық іс үшін ақша талап етіп жатыр. Ол бойынша барлық дәдел жиналған. Жай ғана жасалған озбырлық – ақша бопсалау деп бағаланып отыр. Оның барлығы менен ақша алу үшін жасалған. Менің мемлекеттік айыптаушым, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім басшысы Дәурен Сағындықов 5 млн теңге талап етті. Оны судья Гусьевке беретінін айтты. 30 маусым күні Балтис кафесінде оған 1 млн теңге бердім. Менің көзімше Сағындықов телефон арқылы Гусьевпен сөйлесті. Ол өзіне сенуге болатынын, бәрін реттейтінін жеткізді. Содан кейін судьяның жіберген адамы қаражатты алып кетті. Осының барлығының куәсімін», - дейді Виталий Никитин.

БЕЙНЕЖАЗБА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ ҚЫЗУ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан видео авторының сөзінше, пара алған Сағындықов оған көмектеспей, керісінше соттан 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Жазасы қатаң болатынынан қорыққан Никитин Президент пен құзырлы органдардан көмек сұраған. Никитин өз жазбасында Сағындықовпен телефон, мессенджер арқылы сөйлескен жазбалар мен аудионы да жариялады.

Никитин 2018 жылы танысының көлігін иемденіп, алаяқтық жолмен 1,6 млн теңгені қалтасына басқан. 2019 жылы бірнеше азаматты алдап, олардың 6 млн теңгесін қолды қылған. Тиісті органдар шара қолданып, оның ізіне түскен. Оның тағы бірнеше қылмысқа қатысы бары дәлелденді.

«2018 жылдың 29 мамырында Никитин, Бақтыбаев және басқа да анықталмаған адамдар зорлық-зомбылық және күш қолдану арқылы Киреевтен «Mercedes-Benz 280Е» маркалы автокөлікті бопсалап, оған 1,6 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірген. Былтыр жыл басында аталған факт бойынша Петропавл қалалық Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, кейіннен іс 194-баптың 2-бөлігі болып өзгертілді. Сонымен қатар, 2019 жылдың ақпан айында Никитин алдау және сенімге қиянат жасау жолымен азаматша Ладыгинаның 2 470 000 теңгесін, Аяшеваның 2 000 000 теңгесін және Отарбаеваның 1 500 000 теңгесін иемденген», - дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.

«ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫНАН БАС ТАРТАМЫН...»

Никитин өзгелерге келтірген материалдық залалды өтеген. Сондықтан ол өзіне тағайындалған жазамен келіспейтінін жеткізді.

«Мен алғанымның барлығын – 8 млн теңгеден астам қаражатты қайтардым. Сотта өз ісіме өкінетінімді айттым. Жазамды өтеуге дайынмын. Шынайы жазаны. Қолдан жасалған емес. Болып жатқан бассыздық туралы айтудан шаршадым. 2 жылдан артық уақыттан бері қылмыстық іс жалғасып келеді. Мен түрмеде болдым. Кейін менің заңсыз отырғаным, конституциялық құқығым бұзылғаны дәлелденді. Олардың мақсаты – менің аузымды жабу үшін тезірек қамау. Жанымда болған жігіттің түкке қатысы жоқ. Ол ауылдан шыққан қарапайым адам. Жай ғана менің жүргізушім болып жұмыс істеген. Қазақстанда әділдік жоқ. Сондықтан мен ел азаматтығынан бас тартқым келеді. Осының барлығы ақша бопсалау үшін жасалады», - дейді Никитин.

Ол өзі айтқан фактілерді есепке алап отырып, өзін 7 жылға бас бостандығынан айыру заңсыз деп есептейтінін, оның әрекеті Сағындықовтың ісінің жанында түк емес екенін айтады.

ПАРА АЛУШЫ ДА, ОНЫ БЕРУШІ ДЕ ЗАҢ АЛДЫНДА ЖАУАПТЫ

Сағындықов мемлекеттік айыптаушы бола тұра сотталушымен кездескені үшін қызметімен қош айтысты. Қазір оған қатысты «пара алды» деген айыппен қозғалған қылмыстық іс тергелуде. Істің ақ-қарасын сот ажыратады. Никитинге қатысты да «пара беру» фактісі бойынша тергеу басталды.

«Виталий Никитиннің әлеуметтік желілерде өзінің кінәсіздігі туралы мәлімдемесін сот үкімі қылмыстық іс материалдарындағы жиналған дәлелдермен жоққа шығарылады. 2021 жылдың 15 шілдеде сот Виталий Никитин бопсалау және алаяқтық фактілері бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды, әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ. Сағындықовты біз айыпталушымен байланыста болғаны, қызметіне нұқсан келтіргені үшін жұмыстан босаттық. Және ол Әділет департментінің кіші кеңесшісі шенінен де айырылады. Ал істің мән-жайын құзырлы органдар анықтайды», - дейді прокурор.

Істі жүргізген Петропавл қалалық сотының судъясы Гуьевке қатысты қызметтік тергеу басталды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары