Вакцина алмаған қызметкерлер жұмыстан шығарыла ма?

Автор: Azattyq Rýhy

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тұрғындардың сұрағына жауап берді

Inbusiness.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ерікті вакцинациядан бас тарту жағдайында қандай шара қолданылатыны туралы сұраққа жауап берді.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық процедура, оның ішінде екпе егу азаматтың келісімімен жүзеге асырылады. Вакцинадан бас тартқан адамды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту қаралмаған», - деді Шәпкенов «Ашық диалог» порталындағы сұрақ-жауап кезінде.

Сонымен қатар, аталған кодекстің 104-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттің Бас санитар дәрігері Қазақстан аумағында қауіпті инфекция таралған жағдайда карантиндік шектеу шараларын енгізуге, мемлекеттік шекарадан өтуге шектеу қоюға құқылы.

Ал, Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлердің кеңсеге кіруіне шектеу қойылады. Дегенмен, олар жұмысты қашықтан істей алады немесе аптасына бір рет өз қаражатына ПЦР-тестілеуден өтіп отыруы тиіс.

Ал, бұл талаптарды орындамаған қызметкерлерді жұмыс беруші жұмыстан босатуға құқылы.