Республикалық комиссия Зайсан ауданында малдың жаппай қырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Тексеру маусым айының соңында жүргізілген
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Зайсан ауданы, Шілікті ауылдық округінде белгісіз індеттен мал қырылып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған Республикалық комиссия бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Қоғамды дүрліктірген ақпаратты тексеру мақсатында 27-28 маусымда ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Абызбаевтың төрағалығымен облыстың ветеринарлық қызметі, аудан әкімдігі мен мал иелерінің қатысуымен Республикалық комиссия жұмыс істеді. Аталмыш Республикалық комиссия малдың «жұқпалы аурулардан жаппай қырылу» фактісінің жоқтығын тағы да растады», - делінген АШМ таратқан хабарламада.
Естеріңізге салсақ, осыған дейін мамыр айының ортасында Шілікті ауылында тексеру жүргізіліп, 25 маусымда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ақпараттарды теріске шығарып, Шығыс Қазақстан облысында аса қауіпті аурудан мал қырылып жатыр деген ақпарат жалған және ондай дерек мүлде тіркелмегені айтылды.