Вакцина паспортын сатып жүрген бірнеше медқызметкер ұсталды
Олар Нұр-Сұлтанда, Ақмола мен Алматы облыстарында жұмыс істеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздің үш облысында вакцина паспортын сатқан медқызметкерлерді ұстады деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Бұл туралы агенттік төрағасы Марат Ахметжанов мәлімдеді.
«Вакцинация паспортын қолдан жасайтын деңгейге дейін жеттік. Күні кеше үш өңірде осындай паспорттарды сатып келген медқызметкерлер ұсталды. Олар екпе алмаған адамдарды алды деп құжат рәсімдеген. Ал, екпенің өзін төгіп отырған. Міне, халықтың денсаулығынан ақша істеп отыр, бюджеттің ақшасы да желге ұшып жатыр», - деді Ахметжанов агенттіктің алқа отырысында.
Белгілі болғандай, ұсталған медқызметкерлер Нұр-Сұлтанда, Ақмола мен Алматы облыстарында жұмыс істеген.
«Жалған паспорт алған азаматтар біздің арамызда жүр, олармен бір бөлмеде немесе бір көлікте отыруымыз мүмкін. Бұл жерде тек коррупциялық заң бұзушылық емес, халықтың денсаулығына да қатер төніп тұр», - деді Агенттік төрағасы.