«Коворкинг орталығы, тренажер және заманауи оқу залы»: елордада жаңа үлгідегі Студенттер үйі ашылды
Жатақхана құрылысына 1 млрд 300 млн теңге жұмсалған
Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері қыркүйектен бастап жаңа жатақханаға қоныстанады. Жаңа үлгідегі студенттер үйі 5 қабаттан тұрады және 680 студентті қамтиды. Ғимарат Қайым Мухамедханов көшесінде орналасқан. Студенттік асхана, демалыс бөлмелері, әр қабаттағы ас үй, заманауи техникамен жабдықталған оқу залдары білім алушыға ыңғайланып жасалған. Алдағы уақытта жатақханада коворкинг орталығы, спорт пен конференц залдары ашылады.
Қазақ технология және бизнес университеті ректоры Мұхтар Байжыманов биыл жатақханаға өтініш берген студенттердің 80 пайызы баспанамен қамтылатынын айтты.
«Елбасы 2018 жылы студенттеріне арнап 75 мың орынды жатақханаларды салуды тапсырған болатын. Үндеу шыға салысымен біздің университет шетте қалған жоқ. Жатақхана құрылысын 2019 жылы мамыр айында бастадық. Нысан университет ақшасына салынды. Ғимараттың құрылысына 1 млрд 300 млн теңге жұмсалды. Құрылысшылардың үлкен еңбегінің арқасында аз уақыттың ішінде жатақхананы тапсырып отырмыз. Биыл өтініш білдірген студенттердің 80 пайызы жатахана алады. Алдағы 8 жылда «Даму» қоры арқылы мемлекеттік және жекеменшік кәсіпкерлікті бірлестіре отырып, құрылысқа кеткен қаражат оқу ордасына қайтарылады», - дейді ректор.
Студенттер бөлменің үлкендігіне қарай 4 мың мен 10 мың теңгеге дейін ақша төлеп тұрады. Сондай-ақ, университет магистранттар мен жас мамандарға аранап кіші отбасылық жатахананы салуды жоспарлап отыр.
«Магистранттар мен жас мамандарға арналған жатақхана жобасын осы жылдың аяғына қарай дайындаймыз. Сонымен қатар, университет қасынан жабық спорт кешенін салып жатырмыз. Қысы-жазы студенттердің денсаулығын түзетуге және спорт пәндерін өткізетін кешен бой көтеруде. Оны оқу жылының басында береміз.
Аз уақыттың ішінде салынса да жатақхананың сапасы жақсы деп толық айта аламын. Университетте оқитын студенттердің 60 пайызын сырт қаладан келгендер құрайды. Олардың барлығы жатақханада тұруға өтініш береді. Біз осы қадамымызбен студенттердің біраз мәселесін шештік. Алда тағы жатақхана мөлшерін көбейту жоспарда бар. Студенттер бөлменің шаршы метріне қарай 4 мыңнан 10 мыңға дейін ақша төлейді. Бір бөлмеде 3-4 адам жатады. Қазір университетте 3 жарымдай студен оқиды», - дейді Мұхтар Байжыманов.
Шараның ашылуына қатысқан «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов елімізде жатақхана жетіспеушілігі мәселелері қалай шешіліп жатқанан айтты.
«Елбасының тапсырмасынан кейін екі жарым жылда 20 мыңнан астам студентке жатақханадан орын берілді. Әзірге бәрі жоспар бойынша келе жатыр. Бұрын студенттердің арасында жатақхана жетіспеушілігі 75 мың орынды құраса, қазір 63 мың орынға азайды. Студенттер көп оқуға түсетін Қазақстандағы үш қала: Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары. Жатақхана жетіспеушілігі аталған қалаларда болады. Бүгінгі күні жатақхана мәселесінен бірінші орынды Алматы алады. Қалада 30 мың студентке жатақхана жетпейді. Екінші орында Нұр-Сұлтан – 20 мың орын және Шымкент 15 мың орынды құрайды. Десе де, 2025 жылға дейін бұл мәселе толығымен шешіледі деп жоспарлануда», - деді Асқар Ибраимов.
Сағыныш Ибрагим, Нұр Сұлтан