Қала биыл 24 жылдығын атап өтеді
Бұл қала 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында орыс әскерлері негізін қалаған бекіністен бастау алады. Содан бері қала атауы бірнеше рет өзгерді: Акмолинск, Целиноград, Ақмола, Астана және Нұр-Сұлтан. Ал, астана статусын ол 1997 жылы 10 желтоқсанда алды.
Бүгінде Есіл өзенінің оң және сол жақ жағалауларында бой көтерген астана көркімен талайды сүйсіндіреді. Жаңа қаланың бас жоспарының атасы – Амстердамдағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық музейі, Болгариядағы «Витоша» қонақ үйі, «Сони» корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы, атақты жапон архитекторы Кисе Курокава.
Курокаваның бас жобасы бойынша жүзеге асырыла бастаған Астананың архитектуралық ансамблі бүгінгі заманның дизайні мен Азияның сәулет колоритінің бірегей үндестігін құрайды.
2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, қаладағы түрғындар саны – 1,2 млн адамға жеткен.
Статистика комитетінің мәліметінше, 1998 жылдан бастап астанадағы негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 7,4 трлн теңгені немесе 49,137 миллиард долларды құрады.
Әр түрлі кәсіпорындар мен компаниялардың жеке қаражатынан 20 миллиард доллар (жалпы көлемнің 40,7%-ы) түскен. Екіншіден, республикалық және жергілікті бюджеттерден 2,4 триллион теңге немесе шамамен 16,5 миллиард доллар бөлінді. Қарыз қаражаты, оның ішінде шетелдік қаражат есебінен кем дегенде 2,3 триллион теңге немесе шамамен 15,7 миллиард доллар инвестицияланды.
Нұр-Сұлтан қаласы экономикасын сауда, транспорт пен байланыс, құрылыс құрайды. Қазақстан экономикасының сауда секторының жалпы өніміне қосқан үлесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан Республикасының облыстары мен қалалары арасында Алматыдан кейінгі екінші орынды алады.