$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.06.2021, 12:01
Қоғам

«5 жыл өмірім қалды»: бала босанғаннан кейін жасанды жүрек салдыруға мәжбүр болған ана көпшіліктен көмек сұрайды

Жауқазынның жүрегі қазір насостың көмегімен ғана соғып тұр

«5 жыл өмірім қалды»: бала босанғаннан кейін жасанды жүрек салдыруға мәжбүр болған ана көпшіліктен көмек сұрайды

Байқоңыр тұрғыны Жауқазын Зейноллаева үшін уақыт кері қарай жұмыс істеп тұр. 2016 жылы жүректің жасанды сол жақ қарыншасын салу арқылы дәрігерлер жас ананың өмірін сақтап қалған. Алайда, бұл аппарат Жауқазынның өмірін тек 10 жылға ғана ұзарта алады екен. Осындай қысқа мерзімде донор тауып, дімкәс жүректі алып тастап, орнына сау жүрек салуы тиіс.

2012-2019 жылдар аралығында Қазақстанда жүрек трансплантациясы отасы 82 адамға жасалған. Одан кейін тоқтап қалыпты. Еліміздің дәрігерлері жүрек ауыстыруға әбден қабілетті, білікті. Бірақ, донор болуға келісетіндер жоқтың қасы. Сондай-ақ, қайтыс болған немесе өлім аузында жатқан туысының органын донорлыққа беруге көнетіндер де жоқ деуге болады.

ҚАЗАҚСТАНДА ОРГАН ТЕГІН – БІРАҚ ДОНОР ЖОҚ; БЕЛОРУССИЯДА ДОНОР КӨП – БІРАҚ ҚЫМБАТ

«Қазақстанның дәрігерлеріне үнемі алғыс айтып, шүкірімді ұмытқан емеспін. Осыдан 5 жыл бұрын менің өмірімді құтқарып қалды. Алайда, біздің менталитет салдарынан донор табу өте қиын. 5 жыл бойы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына жақын болайын деп, елордада тұрып жатырмыз. Донор табылса, жетіп баруға дайынмын. Алайда, жоқ. 2017, 2018, 2019, 2020, 2021... уақыт деген сырғып өтіп жатыр. Содан Белоруссия дәрігерлеріне хабарласуға тура келді. Олар менің жүрегімнің УДЗ суреті мен анализдерімді қарап, қабылдауға дайын екендерін айтты. Ота мен ем құны – 110 000 АҚШ доллары (теңгеге шаққанда, ол – 47 млн тг). Ол жақта менталитет басқа, донорды көп болса, бірнеше ай күтесің. Адам өмірін сақтап қалуға әр тұрғын саналы үлес қосуға дайын», - дейді Жауқазын Темірбекқызы.

БАЛА БОСАНҒАННАН КЕЙІН ЖҮРЕГІНІҢ ҮЛКЕЙІП КЕТКЕНІ АНЫҚТАЛҒАН

35 жасында екінші қызын айдың-күннің аманында дүниеге әкеліп, қуанышқа кенелген Жауқазын арада 1 ай өткенде ентігіп, шаршай беретінін жағдайға түскен. Байқоңырдағы дәрігерлер анықтай алмаған дертті Қызылорда облысының дәрігерлері тауып беріпті. Қойылған диагноз – перипарталды кардиомиопатия.

«Яғни, жүрегім үлкейіп кеткен. Өздігінен қанды айдай алмайды. Арықтап, ентігіп, қатты ауырған соң, мені Қызылорда облысының дәрігерлері квота арқылы елордаға жіберді. Содан 2016 жылы желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына келдім. Бұл жерде дәрігерлер «сенің емің тек қана трансплантация» деді. Содан, жаңа жылдан кейін 10 сағатқа созылған ауыр операция жасалып, жүректің жасанды сол жақ қарыншасын салып берді.

Шығару фракциясы деген болады. Сау адамда ол 50 пайыздан көп. Ал менде бұл көрсеткіш 22-20 ғана болды. Сол себепті, ота жасалды», - деп, еске алды науқас келіншек.

«3 КГ АППАРАТТЫ ҮНЕМІ КӨТЕРІП ЖҮРЕМІН...»

Отадан кейін Жауқазынның жүрегі LVAD құрылғысының көмігімен соғып тұр. Оның салмағы – 3 келі. Ашық жарадан сым арқылы Жауқазынның жүрегіне жалғанған.

«Мына сөмкені үнемі көтеріп жүремін. Мойным талып кеткен соң, беліме байлап алдым. 5 жыл өтіп кеткен соң, оның сымы тоза бастады. Батареяларын үнемі қуаттап отырамын. Яғни, электр жарығы болмай қалса, менің бұл аппаратым істемей қалуы мүмкін.

Осы аппаратпен ұйықтаймын, жуынамын. Оңай емес. Себебі, сым ішімдегі ашық жара арқылы жүрегіме жалғанған. Кварц сатып алғанбыз. Стерильді заттармен, сұйықтықтармен оны күнара тазалап отырамын. Инфекция түсіп кетсе болды, өлдім дей беріңіз», - дейді Жауқазын.

«ЖҮРЕГІМНІҢ ДҮРСІЛІН ЕМЕС, НАСОСТЫҢ ДАУСЫН АНЫҚ ЕСТИМІН»

«Тыныштық сақтап отырсам, жүрегіме таңылған насостың даусы естіліп тұрады. Әр Рамазан айында Алладан амандық тілеп, донор табылғанын сұраймын. Келесі жылы осы насоссыз, сөмкесіз жүрсем екен деп тілеймін. Қыздарым бар болғаны 7-ге және 5-ке келеді. Олардың бой жеткенін көрмей кетемін бе деп қорқамын», - деп жылады Жауқазын.

Кейіпкеріміз LVAD құрылғысын орнатқан азаматтардың тағдыры 10 жылға да жетпей жататынын айтты.

«Ашық жарамыз бар болғандықтан Staphylococcus aureus инфекциясын жұқтыру қаупі өте жоғары. Донор күтіп отырған науқастардың кейбірі осы инфекциядан, ағза шаршаған соң, кейбірі басқа бір дерті анықталып, көз жұмып жатады. Сол себепті әр күн біз үшін бағалы», - дейді ол.

ДОНОРЛЫҚҚА ИСЛАМ ДІНІ НЕ ДЕЙДІ?

Донорлықтан бас тартатын жерлестеріміздің көбі мұны діни көзқарасымен түсіндіріп жатады. Алайда, теолог Балғабек Мырзаевтың айтуынша, ислам дінінде адам ағзасын трансплатациялауға тыйым салынбаған.

«Адам баласы ерекше кемел жаратылыс. Алла тағала оған жаратылыстардың ішіндегі ең абзалы деген мәртебені берді.

Осы жағынан алғанда қалыпты жағдайларда өлі немесе тірі адамдардан алынған адам ағзасы мен оның бөліктерін қолдану теріс әрекет саналып, бұл адамның қадір-қасиеті мен абыройына қайшы келетін іс ретінде дұрыс емес деп есептелген (Бұхари, Либас, 83-87; Муслим, Либас, 33; Касани, Бедаи, V, 125; Ибн Кудама, әл-Мугни, I, 107; Ибн Нужаим, әл-Бахр, VI, 133).

Алайда, зәру болған жағдайда қажеттіліктің сипаты мен мөлшеріне қарай бұл үкім өзгереді. Ислам ғұламалары өлген ананың құрсағындағы тірі баланы аман сақтап қалу үшін қарнын жарып алуға, адамдардың сынған сүйегін емдеудің ешқандай жолы қалмаған жағдайда, оны басқа сүйекпен алмастыруға, белгісіз ауруларды диагностикалау және емдеуді қамтамасыз ету мақсатында туыстарының келісімін алу шартымен өлген адамға аутопсия жасау дұрыс болады деген пәтуалар шығарған. Сондай-ақ, тірі адамды құтқару үшін оларға өлілердің денесінің ағзаларын алмастыруға рұқсат еткен (Науауи, әл-Мажмуа, III, 145; Фетавал-Хиндия, V, 440).

Бүгінгі таңда қанды, ағзалар мен мүшелерді трансплантациялау емдеу жолдарының бір тәсіліне айналды. Сондықтан белгілі бір шарттарды сақтай отырып, адамның өмірін немесе өмірлік маңызы бар ағзасын сақтап қалудың басқа жолдары қалмаған кезде шарттарды ескере отырып, ағзаларды трансплантациялау арқылы да емдеуге рұқсат берілген», - деп түсіндірді маман.

«ӨМІРІМНІҢ ҚҰНЫ – 3 БӨЛМЕЛІ ПӘТЕРДІҢ АҚШАСЫНДАЙ»

Жауқазынның 70-тен асқан анасы екі қызына қарап, көмек беріп жүр. Ал, жолдасы бар болғаны 100 мың теңге айлық алады екен. 1-топтағы мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы Жауқазынның ашық жарасын күтуге ғана жұмсалып кетеді.

«Әкем қайтыс болып кеткен. Отбасымызда жалғыз перзентпін. Көмек сұрайтын туысымыз да аз. Сол себепті, жанашыр және мейірімді жандардан, құрметті қазақ елінен қаражат жинауға көмек берулеріңізді сұраймын. Жүрек трансплантациясын жасауға мұқтажбын.Менің өмірімді сақтап қалу 3 бөлмелі пәтердің құнындай.

Біздің елде ота жасау мүмкіндігі бар болған соң, маған шетелде емделуге квота бөлінбейді. Сол себепті, мен сияқты жандардың өмірін сақтап қалу үшін, көзқарасымызды өзгертейікші. Донорлыққа келісім беру – жақыныңыздың басқа жанның денесінде жүрегі соғылуына рұқсат беру деген сөз. Бір ғажайыптың болатынына сенемін», - деп, қорытындылады сөзін Жауқазын.

Көмек беремін дейтін жандар үшін Жауқазынның Kaspi шоты: 5169 4931 8934 7308 Zhaukazyn Zeinullayeva.

ҚАЗАҚСТАНДА 116 БАЛА ЖҮРЕК АУЫСТЫРУ ОПЕРАЦИЯСЫН КҮТІП ЖҮР

Айта кетерлігі, 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет жүрек трансплантациясы отасы жасалды. Қостанайлық Жәнібек Оспановқа инсульттен көз жұмған 46 жасар донор Галина Воротникова есімді әйелдің жүрегі салынды. Өлім мен өмір арпалысқа түскен шақта Игорь Воротников есімді 21 жастағы ақмолалық жігіт «ми өліміне» шалдыққан анасының жүрегін өз еркімен Жәнібекке беруге келісім берген.

Республикалық бірыңғай күту парағында 3 242 адам донорын күтіп тұр. Оның ішінде 116 бала бар. 146 адам жүрек трансплантологиясына зәру. Айта кетерлігі, жыл сайын донор таппай қайтыс болғандар саны артып келеді. Мәселен, 2018 жылы тізімдегі 120 адам мерт болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 238 адамға өскен. Трансплантация оталарының азаюына Шымкентте дәрігерлер арасында болған заңсыз ота оқиғасы әсер етсе, екінші жағынан былтыр шілдеде қабылданған Денсаулық туралы кодекстің де кері әсері мол дейді мамандар.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары