Атырау облысында экологиядан зардап шеккен станция тұрғындары қалаға көше алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір Ескене станциясында тек 25 үй тұрады

фото: azh.kz

10 жылға жуық уақыттан бері Ескене станциясының тұрғындары Атырауға көше алмай жүр. Қарабатан зауыты ашылғалы бері мұндағы экологиялық ахуал нашарлады, адамдар жиі ауыра бастады. Бірақ жалғыз проблема бұл емес. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазып отыр.

«Осы жерде туып-өстім, өмір бойы станцияда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Бұл менің туған жерім. Бірақ қазір жағдайымыз қиын, біраз жасқа келдік, денсаулығымыз да керемет емес. Оның үстіне зауыттың сасық иісі терең тыныстауымызға мүмкіндік бермейді. Енді тағы бір зауыт салғалы жатыр, басқа да салынады дейді. Сонда немен тыныс аламыз? Мұның жалғыз жолы - қалаға көшу, біз бұл туралы көптен бері биліктен сұрап жүрміз, бірақ бізге ешкім құлақ аспайды», - дейді зейнеткер Едіге Абрешов.

Тұрғындардың айтуынша, станцияда 50-ден астам үй болған, онда 300-ге жуық адам тұрған, олардың жартысы - балалар. Бірақ жастардың бәрі Атырауға кетті, балалар да сонда оқиды. Қазір Ескенеде тек 25 үй тұрады.

«Станцияда мектеп, балабақша, медицина пункті жоқ. Балаларымыз Доссор ауылындағы интернатта оқиды, үйге демалыс күндері ғана барады. Бірақ қазір көпшілігі балаларын Атыраудағы мектепке беріп, пәтер жалдап, сонда тұрады. Басқа не істесін? Балалардың жанында болу керек қой. Тағы бір мәселе - табиғи газдың жоқтығы. Әлі күнге дейін пеш жағамыз, көмірді теміржолшыларға пойызбен жеткізеді, бірақ ол бізге жетпейді. Ең бастысы – зауыттан келетін иіс. Кеш түссе көшеге шыға алмаймыз. Мұндай жағдайда мал ұстау да мүмкін емес», - дейді Дағыстан Тәжіғариев есімді тұрғын.

Осыдан 9 жыл бұрын қалаға болашағы Байшонас пен Ескене ауылдарының тұрғындары көшірілді. Бірақ Ескене станциясы сол күйі қалған.

«Қаншама жиналыс болды, «бізді көшіріңдер» деп қаншама өтіндік, бірақ еш өзгеріс жоқ. Бізге Мақатқа көшіңдер дейді, өйткені біз әкімшілік тұрғыда Мақат ауданына қараймыз. Бірақ шешімі бұл емес. Баламыздың бәрі қалада: сол жақта оқиды, жұмыс істейді. Ал ауылдық жерде жұмыс жоқ. Зауыт өкілдері ешқандай зиян жоғын айтады. Қалайша жоқ? Бізден бар болғаны 5 шақырым жерде тұр. Қанша дегенмен газ өңдейтін зауыт қой», - дейді Нұржамал Хасанова есімді тұрғын.

Былтыр жыл соңында Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин тұрғындармен кездесу кезінде Ескене станциясы тұрғындарының құжаты облыс басшылығына берілгенін хабарлады. Көшіруді қаржыландыру жөнінде NCOC компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Ескенеліктерге күтуден басқа амал жоқ. Қашанға дейін екені әзірге белгісіз.