«Әкімге байкот жариялаймыз»: Шымкентте бүтін бір шағынауданда не су, не жол, не жарық жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар суды шалғайдан тасып ішеді

Шымкентте суы, жарығы, жолы жоқ тұтас шағынаудан бар. Нұршуақ елдімекенінің пайда болғанына 10 жылдан асса да, тұрғындар тіршілік нәрін шалғайдан тасып ішеді. Судан құрт шығып жатыр. Ал жолы жүруге жарамайды. Жарық та жекеменшік қосалқы станциядан беріледі деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Шағымын айтқан тұрғындар қала әкімдігіне өздері бармақ болды. Алайда, халық наразылығын естіген шенеуніктер өмірі аяқ баспайтын ауылға өздері жетіп келді.

Шымкент шетіндегі Нұршуақ шағынауданы шенеуніктердің бас сұқпайтын аумағы. Онысы елдімекенге кіреберістен-ақ байқалады. Ойқы-шойқы жолдың шаңы шығып, көлік әзер жүреді. Жарық деген көше түгілі көп үйлердің өзінде жоқ. Жел тұрса жекеменшік желілер үзіледі немесе қуаты төмендеп кетеді екен. Ашуға мінген тұрғындар ауылдағы асфальты бар жалғыз көшеге жиналды.

Басты мәселе – су. Әр үйдің алдында су жинауға арналған бөшкелер мен ыдыстар тұр. Атқамінерлер тарапынан аптасына бір мәрте жіберілетін суды осы цистернаға жинап алады. Ал онысы қоқысқа толы. Тіпті ішінен үнемі құрт шығады екен.

Халықтан қорықты ма, әлде шыны солай ма, әйтеуір шенеуніктер Нұршуақтағы проблеманың бәрін жылдың соңына дейін шешеміз деді. Уәдені үйіп-төккендер жол мен көлік мәселесін де шешіп тастамақ екен. Су мен жарық тартылған соң шаң мен балшықтан арылмайтын көшелерге тас жол төселіп, қосымша автобус жүре бастайды дейді. Ал, шенеуніктердің сөзіне «соңғы рет сендік» деген ел уәде орындалмаса, қала әкіміне бойкот жариялайды.