Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық белгілеу және оны одан әрі асырап алу туралы мәселені шешу үшін 350 мың теңге пара алған
Мемлекеттік органдардың ішінде сыбайлас жемқорлық әлеуметтік көмек көрсету және мемлекеттік бақылау салаларында кеңінен тараған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Мысалы, 2019 жылы Жамбыл облысында аталған әлеуметтік көмек көрсету саласында сыбайлас жемқорлық сипатында 5 қылмыс тіркелген. 2018 жылы оның саны 4 еді.
«Аталған салаларда шенеуніктер тарапынан тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, пара алу сияқты қылмыстары кеңінен таралған», - делінген департамент таратқан ақпаратта.
Биыл департамент ҚР ҚК-нің 366 бабының 1-бөлімі бойынша Жамбыл ауданы әкімдігінің Көлқайнар ауылдық округі әкімдігінің лауазымды тұлғалары атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаж емес тұлғаларға белгілі бір сыйақыға жалған құжат жасаған деректерін анықталған. Қазіргі кезде кешенді сот-сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Н. Бижанов Д. Ахметова және Г. Салиевадан жалпы сомасы 199 500 теңге (атаулы әлеуметтік көмектің 1 айлық сомасы, сәйкесінше, 103 000 мың және 96 000 мың теңге) пара алған жерінен ұсталған. Ол екі әйелге 2019 жылғы қазан-желтоқсан айларында атаулы әлеуметтік көмек алуға көмек көрсеткен. Аталған қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында департамент қызметкерлері 350 000 теңге көлемінде пара алған «Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің білім бөлімі» КММ бас маманы, аудандық қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің хатшысы М. Мауытбаевты ұстады. Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық белгілеу және оны одан әрі асырап алу туралы мәселені оң шешуге жәрдем көрсеткен. Енді күдіктіге Т. Рысқұлов аудандық соты 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.