Алатаудың баурайы қоқыс алаңына айналған: Қырғауылды тұрғындары бір-бірін кінәлайды

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар саяжайларға апаратын тау жолы бойында бейнекамера қою туралы ұсыныс жасады

көрнекі фото

Алматы облысындағы Көклайсай шатқалы тұрмыстық және құрылыс қалдықтарына толған. Қырғауылды ауылының тұрғындары мен жергілікті тұрғындар бір-бірін қоқыс үйіндісінің пайда болуына кінәлайды, деп хабарлайды 24.kz.

Қырғауылды ауылы мен тау етегіндегі саяжайлар арасындағы жолдың жиегінде қоқыс үйіліп жатыр. Жұрт тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын әр жерге тастап кетеді екен. Саяжай тұрғындары мұндай бассыздық пен жағымсыз иістен әбден мезі болған.

«Табиғатқа жаны ашымайтын тұрғындармен күресу үшін өзге елдердің тәжірибесін пайдалану керек. Мысалы, Ресейде қоқыс тастайтындарды тоқтату үшін камера қойып, құқық бұзғандарға айыппұл салынады. Мәселе осылай шешілді», - дейді саяжай тұрғыны Андрей Смирнов.

Көклайсай, Бағбан және Эдельвейс саяжайларына баратын тау жолы бойында бейнекамера қою туралы ұсыныс жасалған. Бірақ Райымбек ауылдық округі әкімдігі бұған қауқарсыз екенін айтты. Өйткені Іле-Алатау Ұлттық паркінде орналасқан жол облыстық маңызға ие. Сондықтан ауыл әкімдігі облыстық мекемелерге ұсыныс жасаумен ғана шектеліп келеді.

«Біз бірнеше рет көлікпен кетіп бара жатып қоқыс тастағандарды көріп қуып жібергенбіз. Бірнеше жылдан бері тұрғындар осы жерді қоқыс алаңына айналдырып алды. Онда сол жерге қоқыс жәшіктерін қойып қою керек шығар. Жинау да оңай болады», - деді саяжай тұрғыны Лилия Скворцова.

Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Айдын Баекеевтің айтуынша, ауыл тұрғындарының бұған қатысы жоқ. Олар екі жеке компаниямен қалдықтарды шығару туралы келісім жасаған, дейді шенеунік.

«Қоқыс жәшігін қою үшін саяжай болғаннан кейін бұл жерде жекеменшік фирмалар қызмет көрсетеді. Сонымен сол қаражатын бөлу керек. Төрағалармен сөйлессек «біз саяжайда тұратындардан қаражат жинай алмаймыз» дейді. Ақшасын төрағалар жинап берсе қоқыспен айналысатын мекемелер қоятын еді», - деді Айдын Баекеев.