Терроризмге қарсы орталық 2019 жылы атқарған жұмысының қорытындысын жариялады
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, Қазақстанда терроризм бойынша әлі де ықтимал қауіп-қатерлер бар.
Елімізде террористік қызметке қатысы болғаны үшін іздеуде жүрген 31 шетелдік азамат ұсталып, олар белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттерге берілген. Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін 40 қазақстандық жауынгер, олардың әйелдері (65 адам) мен басқа да отбасы мүшелері шетелдің бірқатар террористік ұйымдарында жүр.
Теракт жасауға ұмтылған 3 жағдайдың жолы кесілді. Алматы және Қарағанды облыстарында ракдикалды тұлғалар террорлық акт жасауға дайындалған және оған қатысы бар тұлғалар 6 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Еліміздің әртүрлі аймақтарында 7 радикалдық топтың және 34 жеке тұлғаның қылмыстық әрекеті залалсыздандырылды. Терроризм және діни экстремизммен байланысты қылмыстары үшін 140 адам сотталды. Интернетте тараған терроризмге шақыратын 14,5 мыңнан астам контент анықталып, оларды жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қоғамда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 907 адам радикалдану жолынан бас тартқан.