2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5%-ы міндетті зейнетақы жарнасын енгізуі мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Еңбекмин зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына түзетулер әзірледі

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды 2019 жылы Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы ұзақ мерзімді актуарлы модельдерді құру негізінде әзірледі. Бұл жұмыстың маңызды бағыты - ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру.

Іс жүзіндегі тұжырымдама аясында 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделгенін атап өткен жөн. Сондықтан ең төменгі кепілді зейнетақыны тағайындау тетігі, белгілі бір тұстарын жетілдіре отырып, базалық зейнетақыны тағайындаудың қолданыстағы әдістемесіне негізделген.

Қазір келесі жайттарды қамтыған райда, ең төменгі кепілді зейнетақыны тағайындау тетігі қарастырылуда:

  • ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - ЕТКД) 54%-нан 70%-на дейін ұлғайту ұсынылады;
  • қатысудың ең аз өтілін 10 жылдан 5 жылға дейін азайту;
  • зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау (қазір ең жоғары шектеу 33 жыл және одан жоғары өтілде 1 ЕТКД құрайды).

Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруға, барлық азаматтарға бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге, ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіруге, еңбек қатынастарын ресмилендіруді ынталандыруға мүмкіндік береді және халықаралық сарапшылардың ұсынымдарына сәйкес келеді.

«Жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты - 2023 жылдан бастап, жұмыс берушілердің 5%-ы міндетті зейнетақы жарнасын (бұдан әрі – ЖБМЗЖ) енгізуі. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен өз жұмыскерлерінің пайдасына жұмыскердің табысынан міндетті 5% зейнетақы жарнасын аударатын болады.

Мемлекет басшысы БЖЗҚ-да жеке нысаналы шоттарды енгізу жөніндегі тәсілдерді мақұлдады», - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ, Салық кодексінің шеңберінде жұмыс берушілерге жүктемені төмендету үшін енгізілетін ЖБМЗЖ шегерімге жатқызу бөлігінде жеңілдіктер берілгенін атап өту қажет.

Мұндай тәсіл халықаралық зейнетақымен қамсыздандыру стандарттарына сәйкес келетін зейнет жасына жеткен кезде (зейнетке шыққаннан кейін табысты алмастыру коэффициенті) салымшылардың зейнетақы жинақтарының барабар деңгейін сақтауға, сондай-ақ жақын келешекте барлық салымшылардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану (тұрғын үй сатып алуға, емделуге ақы төлеуге) құқығын іске асыруға мүмкіндік береді.

Қазір «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Үкімет қаулысының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде.