Аграрлық салада субсидия беруде жемқорлық фактілері жиі тіркеледі - депутат
Соңғы екі жыл аралығында мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты 144 қылмыстық іс тіркелген
Аграрлық салаға бөлінетін субсидиялар тиімсіз және мақсатсыз жұмсалуда. Соңғы 5 жылда жеңілдікпен берілетін несие мен субсидияға бюджеттен 2,9 трлн теңге бөлінген. Алайда, субсидияны беру механизмі жабық күйде қалып отыр. Сол себепті оның ережелерін қайта пысықтау керек. Мұндай мәлімедемені халық қалаулысы Андрей Лукин Сенаттың кезекті отырысында айтты, деп хабарлайы Azattyq Rýhy тілшісі.
Сенатордың айтуынша, дәл осы салада сыбайлас жемқорлық фактілері жиі тіркелуде.
«2018 - 2020 жылдар ішінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты 144 қылмыстық іс тіркелген екен. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 57 іс қозғалған. Ал субсидияны жымқыру бойынша 87 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Салдарынан мемлекетке 2,1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді», – деді Андрей Лукин.
Сонымен қатар Сенат депутаты ұсынылған ақпараттар мен деректердің дұрыстығына тек ауыл шаруашылығы өндірушілері жауапты екеніне назар аударды. Ал жауапты лауазымды тұлғалар шаруалардың өтінімдерін қысқа мерзімде қарап, деректердің толық екеніне ғана көңіл бөледі.
«Осыған орай агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау ережелерін қайта қараған жөн деп есептеймін. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өтінімдерін тексеру бойынша жергілікті атқарушы органдардың және субсидия төлемдерін жүргізетін жауапты лауазымды тұлғалардың міндеттерін қарастыру қажет», – деді Андрей Лукин.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан