Министр оқушылар арасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші артқанын мәлімдеді

Төртінші тоқсан басталғалы 3 706 оқушы ауырған

Министр оқушылар арасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші артқанын мәлімдеді
көрнекі фото

Бүгінде әлем бойынша КВИ-дің 141 миллионнан астам жағдайы тіркелген. 3 млн астам адам қайтыс болып, өлім көрсеткіші 2,1%-ды құрады. Сырқаттану бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 221 елдің арасында 110-орында, ал өлім көрсеткіші бойынша 107-орында тұр. Мұндай деректерді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Елімізде 8 өңір «қызыл» аймақта, Түркістан және Қостанай облыстары «жасыл» аймақта, қалған өңірлер «сары» аймақта. Өткен аптадағы жұқтыру көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда 6%-ға төмендеген. Сондай-ақ, өлім-жітімнің өсуі де 22%-дан 8%-ға дейін азайған», - деді Алексей Цой.

Министр білім беру жүйесінің дәстүрлі форматқа ауысқан сәтінен бастап, оқушылар арасында коронавирус жұқтырғандар саны артқанын атап өтті.

«Төртінші тоқсан басталғалы 3 706 оқушы ауырып, оның ішінде офлайн білім алушылар арасында - 1093, онлайн режимде оқитын 2613 бала инфекция жұқтырды. КВИ анықталған дәстүрлі форматта оқитын оқушылардың дені Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Онлайн режимде оқитындардың жұқтыру көрсеткіші Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында басым болып тұр», - деп нақтылады министр.

Ведомство басшысы білім беру мекемелеріне санитарлық талаптарды қатаң ұстануды және «қызыл» аймақтағы өңірлерде әзірге офлайн режимге көшпеуді тапсырды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.