Бүгін барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша мұсылманды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.
«Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені, Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ», - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ихсан ілімін» кеңінен насихаттап жүргенін тілге тиек етті.
«Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін, әр амалды көркем түрде орындауға үйрететін рухани ілім. Осы ретте рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен арылып, тұлабойымызда көркем мінез құндылықтарын қалыптастыруға тырысқанымыз абзал.
Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, адамзатты қауіп-қатерден аман еткей. Әмин!», - деді Бас мүфти.